Өлеңдер ✍️

  30.05.2022
  102


Автор: Бекен Әбдіразақов

Арысым, жұмыскерім, ер көңілді....

Арысым, жұмыскерім, ер көңілді,
Сүюді үйрендім мен сенде өмірді.
Темірдей алақаны жолшылардың
Бақыттың тәңірімен тең көрінді.
Ұямнан қанаттанып мен де кеттім,
Көз майын шырақ қылып еңбек еттім.
Қанымда жақсылықтың оты болса
Тұтатып берген алғаш сен демекпін.
Қос ұлың – Тұмарбегің, Құмарбегің
Жауына жібермеді бұлар кегін.
Берсе де бір-бір аяқ өкінбейді,
Төсіңде көктеп өскен шынар дегін.
Мен – әке, олар – ата болды бүгін,
Бақ құсы төбемізге қонды бүгін.
Ұлдары қос құрдастың бір келеді,
Шамымен жарқылдатып жолды бүгін.
Қос құрдас түйістіріп тізелерін,
Мақұлдап бір-бірінің түзегенін,
Соғады кептер жайын келістіріп,
Үйреніп алсын дей ме-оу, біз өнерін!
Соғысты өнер көрмей өмірінде,
Сақтаған мықтап, бірақ, көңілінде,
Мейрамда «Ерлігі үшін» медальдарын,
Тағады екеуі де өңірінде.
Есіме сонда түсіп жасыл жарық,
Дүние нұрын шашар жасылданып.
Ерлігін, еңбегін де бұлдамайтын,
О, неткен,
біздің халық – асыл халық!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу