Өлеңдер ✍️

  30.05.2022
  71


Автор: Бекен Әбдіразақов

Жасыл жарық

Әкемнің көзін көрген
Арыстағы ардагер
темір жолшыларға арнаймын.
Автор.
Арысым, қиял құсым аспаныңда
Шаншыла шырқау шығып қас қағымда,
Өмірге құштарлықтың бал кәусарын
Жаныма құйып берген жас шағымда.
Поездың дүрсілі жер солқылдатқан
Бесіктей тербеткенде,
толқып жатқам,
Гудоктің айқайымен көзімді ашып,
Жуынғам таң нұрына көлкіп аққан.
Көктемгі бұлтқа сіңіп будақталған,
Паровоз түтіндері шумақталған,
Кочегар шылымының исін әкеп,
Ертерек есейші деп ширатты арман.
Көп көрдім семафордың жарықтарын,
Мықтысы – жасыл жарық, анық барын.
Арқырап өткен поезд екпінінен
Қаңбақша ұшып түсер алыптарың.
Жолшының жарқ-жұрқ еткен
шамдарындай
Кеудемде сәулеленді арманым да.
Жарықпен жарылқаған дүниеге
Ынтыға жаным, көзін салмадым ба?
Көңілімді шайдай ашық, кезден тұнық,
Жүргенде бақытыма безбен қылып,
Соғыстың сұр дауылы сапырды кеп,
Ал жырла сол сұмдықты, ақын жүрек!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу