Өлеңдер ✍️

  30.05.2022
  110


Автор: Бекен Әбдіразақов

Ақын мен анасы

1
Ақынның жаны алаулап,
Қып-қызыл майдан ішінде,
Жүрегі шалқып жалаулап,
Жүреді ылғи түсінде.
Оққа ұшқан достар-тіріліп,
Басады мұңлы сарынға.
Сонан соң мұнан бұрылып,
Айналып кетер жалынға.
Апта емес, айлап бұл түсі,
Ақынды шырмап алғалы.
Жазылмай жанның қыртысы,
Азапқа әбден салғаны.
Оянып құлқын сәріден,
Сығымдап екі шекесін.
Түңілер ақын бәрінен,
Көзінде – ащы кекесін!
Дәлізге барып ақырын,
(Шешеден жаман сасады!)
Іштегі өртін батырың,
Бір шелек сумен басады.
Күтеді күнді зарығып,
Көрінер емес құрғырың!
Ақынның жанын жары ұғып,
Керегін қойса күн бұрын!
Ұғар да, шығар, кім білсін,
Патшадай қатал Ана бар.
Үй толы бозкөз бүлдіршін,
Ақында саңлау сана бар!
Күрсініп ақын құсадан,
Аңсайды тірі достарын.
Өзіне бәрі ұсаған,
Бір өмір басты қосқаның!
Бір сәтте таңды қақ жарып,
Күн тұрды таудың шыңында,
– Дүние қандай жап-жарық,
Осындай ма еді бұрын да!
Дауыстап ақын жіберді,
Ұстаздың жарқын жырын да!
Күн күлді, ақын жігерлі,
Қуат бар күннің нұрында!
Кешкісін ақын тағы да,
Жетті ғой желе сүрініп.
Қосылып ағы ағына,
Қабарды Ана күйініп.
Жүзіне нұры тамған бір,
Бәйбіше еді ай маңдай.
Баласы жалғыз жанған бір,
Шырағы еді армандай!
–Не жүріс, балам, бұл жүріс!
Қаћарман Ана қарады.
Пәтердің іші тым-тырыс,
Ақынның көзі-ақ жанады.
–Ақынмын, әкім емеспін,
Өмірге мынау егестім.
Жазамын жырды бұрқатып,
Көзімнің жасын құрғатып!
Бір сәтте жасы моншақтап,
Құшақтай алды Анасын!
Бар сырын жайды сол шақта,
Сандалтқан күнде санасын!
Анасы ауыр күрсініп,
Сипады шашын ұлының.
–Қиын ғой, қиын тіршілік.
Тіріге жалғыз құлыпым...
Жесірлік менің тағдырым,
Жетімдік сенің тағдырың.
Болғанда жаңа заманың
Жетім мен жесір ананың.
Көз жасын сүртті қолымен,
Ұмытам ба екен оны мен!
Достарың кірсе түсіңе,
Ырза емес олар ісіңе!
Кім саған әкім бол деген,
Бір жүріп мына елменен,
Халқыңа жырға шөлдеген,
Азамат ақын бол дер ем!–
Аймалап аппақ Анасын,
Жүрегі жайнап бір өзге.
Сәбидей иіскеп мамасын,
Ұйқыға шомды лезде.
Түсінде алыс аспанда
Ақша бұлттардай аналар.
Алақандарын ашқанда,
Ақ құс боп ұшып балалар,
Шырқайды дейсің шығанға,
Айдардан алтын жел есіп,
Күлімдей карап бұларға.
Аналар отыр кеңесіп,
Ақ тәңірімен теңесіп.
2
Тыйылды ақын бәрінен,
Ана да өтті, нетесің?
Тұрмайды енді сәріден,
Қос қолдай ұстап шекесін.
Қасықтап жиған абырой,
Шүпілдеп толған шағында,
Жүректі жайлап сабыр, ой
Ашылады екен бағың да!
Басына қонды бақ құсы,
Шабыттың мінді пырағын.
Сүйсінді жұрты, жақты ісі,
Тапқандай бақыт бұлағын.
Тағдыры енді бір тақты,
Мінгізе салды ақынға.
Дақпыртпен атын шырқатты,
Таң қалды жау да, жақын да!
Шешініп тастап шалқыған,
Сыраны жұтып тау жақта.
Безініп достар салтынан,
Іргесін салды аулаққа.
Ұмытты шаттық бағын да,
Сайрандап кеште жүретін.
Бар ләззат енді тағында,
Достарға болды күлетін.
«Патшалық тисе ақынға,
Көкесі болар жауыздың.
Кетеді онан ақыл да.
Құлы ол отты ауыздың!»
Деген бір нақыл ертеден,
Қалыпты әлі тот баспай.
Мынау да маңын өртеген,
Бұл күнде сұмдық шоқ тастай.
Достары басын сауғалап,
Ін қуып кетті тышқанша.
Құтырды көптен жау қарап,
Бақсыдай жыны қысқанда!
Бір-екі жолды айына,
Жаза ма, әлде жазбай ма?..
Байғұс жыр қалды жанына,
Қанатсыз шабыт азбай ма?
Әділет үшін өзінше,
Әбігер кеміп жүдесе.
Біреуден иіс сезілсе,
Айып па ашу үдесе!
«Темірдей тәртіп дегенің,
Әділдік үшін шын құрал.
Қабырғасын да сөгемін,
Біреулер, бәлкім, шыңғырар
Қамқорлық бұ да білгенге!»
Деп ақын білек сыбанды.
Жәйменен тіпті күлгенде,
Көзінен қаћар шығарды!
Бір күні ақын түсінде,
Жүр екен шөлдің ішінде.
Қуарып, солған пішінде,
Су таппай ұрттам ішімге.
Шықты алдан аппақ Анасы,
Құмырасы бар қолында.
– Балаңды, мама, қарашы,
Сандалдым әділет жолында.
Қыдырдай аппақ Анасы:
«Ақынмын, әкім емеспін».
Деген ең, енді қарашы,
Тәңірмен сорлым теңестің.
Адамдық пен адалдық,
Қанына сіңген ақынның.
Тумадым сені жаман ғып,
Басыңа бақыт шақырдым.
Ақын боп тудың, ақынға,
Жамандық қылмас деп едім.
Түс көрдім мен де жақында,
Басында тұрсың төбенің.
Құжынап жұрттар төменде,
Шапағат сенен күткендей.
Ару боп келіп өлең де,
Кемпір боп өліп біткендей!
Жетімді сипап маңдайдан,
Жесірді сүйей қоймадың.
Япырай, сонда қандай жан,
Ұлым ба, кім деп ойладым.
Әділет дейсің, әділет,
Аяз би жолын білмедің.
Достардан безіп, әбілет,
Мансапқа құл боп жүргенің...
Көз жасқа шөлі қанғанды,
Адами затың көрген жоқ.
Толтырып жаспен жалғанды,
Қаталап шөлден өлген көп.–
Ғайып боп кетті Анасы,
Оянды қара тер болып.
Таң алды-ау мезгіл шамасы,
Отырды ақын жер болып.
* * *
Шындық па, әлде ертегі,
Осындай гәпті шертеді.
Ақын боп қалса, ақыным,
Жарық-ау мәңгі ертеңі!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу