Эсселер ✍️

  30.05.2022
  1095


  «Жүз жыл жырлаған жүрек» Ж.Жабаев поэзиясының өзіндік ерекшеліктері

 


Жамбыл жүз жасаған адам, соның 85 жылы ақындықпен өтті.Ол әлеуметтік және жеке өміріндегі сөзінің көбін өлеңмен сөйлеген кісі.


Сәбит Мұқанов


 


Туғанда дүие есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен,


Ойласаңшы бос қақпай елең-селең, - деген Абай өлеңінде ақын өлең сөздің қадірін қалай айшықтаса, «өлең сөздің даңғылы» атанған Жамбыл – қазақ халқының поэзиясына жаңа леп, жаңа тыныс әкеліп, өлең өнерінің абыройын асқақтатқан алып ақын. Жүз жыл – бір ғұмырын өлеңге арнаған асқақ жүректің шынайы шындықтың көркем суреткері бола білгендігі – соңынан өшпес мұра қалдырған жыр алыбы Жамбылдың денесі «өлеңмен жер қойнына кірсе-дағы» ол айтқан даналық, ол жырлаған жыр мен ол толғаған тақырып топыраққа көмілмек емес. Жүз жылға жуық жырлаған жүректің үні еліне не берді? –деген сауал аясында толғанып көрейік.


Жамбыл тауының етегінде дүние есігін ашып, екі ғасыр көшінде бір ғасыр өмір сүрген халық ақыны өз заманында елінің, жерінің басына түскен


талайлаған қиын қыстау кезеңдер мен тар жол тайғақ кешулердің куәгері болды. Куәгері болды деп қана қою аздық етер, елімен бірге қан жұтып, елімен бірге зар жылады. Кеңес Одағының тұсында қазақ халқының


қабырғасын қайыстырған небір зұлматтың қақ ортасында болған Жамбыл өршіл өлеңдерімен елді жұбатты, рухты жырларымен қан майдандағы


 


азаматтарға сенім беріп, жүректеріндегі патриоттық сезімдерін оятып, жігерін қамшылады. 1914 жылдар кезінде «патша әмірі тарылған» шақта


«Көкіректі зар қылып, қорлықпен қайтып өтерміз?!» - деп халықтың мұң- зарын жырға қосып, көтерілістің басты ұраншысына айналды.


Ұлы Отан соғысы жылдарында жырлары майдан даласын шарлаған ақын


«мақтанышым сен едің!» -деп «Ленинградтық өрендерін» ерлікке, елдікке, жауға қарсы жұмыла күш біріктіріп, Отан қорғауға шақырды. Жамбыл


жалынды жырларымен талай жауынгерлердің рухтарын оятып, еңселерін тіктеді, халқына отты жырларымен демеу болып, елдің сүйенішіне айнала білді.


Жамбыл тек елдіктің жырын жырлап қана қоймай, адамзаттық құндылықтарды да, адамгершілік тақырыбын да асқан шеберлікпен көтеріп, халқына, ұлтына, ұрпақтарына тәлім мен тәрбиенің темірқазығы бола білді. Өтірікті сүймедім,


Дүние үшін күймедім. Алтынына біреудің ,


Жолда жатса тимедім, - деген өлең жолдарынан-ақ ақынның оқырманға, тыңдаушысына адалдық, адамгершілік сынды моральдық-этикалық құндылықтарды дарытуға үндеу тастап отырғанын аңғару қиын емес.


Ақынның ақындығын асқақтатып, жыр майталманының қазақ әдебиеті тарихының алтын қорына енгізген көлемді мәдени мұрасы – айтыс.


Жамбылдың Құлманбетпен, Досмағанбетпен, Айкүміспен, Шашубаймен айтысы әдебиет қоржынына алтын асықтай болып түсіп, мәдениет пен өнердің қанжығасын майлаған айтыс өнерінің ең үздік үлгілері.


 


Сондықтан да, «ХХ ғасырдың Гомері» атанған алып тұлғаның қазақ халқының мәдени-рухани өміріне, қазақ поэзиясына, қазақ әдебиетіне қосқан үлесі ұшан-теңіз екенін нық сеніммен айта аламыз.


 


Қорытындылай келе, ұлы дала төскейінде қазаққа ұл боп, халыққа қорған болған батырлар, ел үшін еміренген ерлер мен халықтың жоғын жоқтаған жыраулар да аз емес. Ал, Жамбыл – ерлік пен батылдықты, жыршылық пен күйшілікті, ұлылық пен кішілікті бір бойына сыйдыра алған ұлттың ұлы перзенті, айтыстың ақтаңдағы һәм халық поэзиясының алыбы. Жамбылдың мұрасы – қазақтың асыл қазынасы, Жамбылдың өзі – ғасырына бір туатын дәуір адамы, халықтың маңдайына біткен кемел кемеңгері. Жүз жыл жырлаған жүректен шығып, халықтың жүрегіне жетіп, елдің баға жетпес байлығына айналған Жамбыл Жабаев мұрасын сақтап, есімін дүние жүзілік деңгейге шығару үшін ақын шығармашылығын зерттеп, тың дүниелер шығарып, ақынның өшпес, өлмес жәдігерін келешек ұрпаққа аманаттау –


азаматтық та, адамзаттық та парызымыз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу