30.05.2022
  101


Автор: Бекен Әбдіразақов

Айқай

1
Екінші Арыс,
Кіндігімнің қаны тамған құтқанам,
Дәм қалды ма босағаңда жұтпаған?
Көздің жасы, көңіл хошы – бәрі де
Сабақ болды бесігімнен жұптаған.
Екінші Арыс,
Әкемді анау Қабылсайдың қырына
Апарарда көз салды ма ұлына!
Аманат қып тапсырды ма өзіңе,
Маңдайынан бір сипа деп жылына?
Екінші Арыс,
Бетім қайтпай бел балаңдай өстім мен,
Көз түрткілік көргенім жоқ ешкімнен.
Аз ауылдың адамына әкемдей
Арқа сүйеп аяулы шақ кештім мен.
Бәрі есімде – қызыл там да, құдық та,
Сырын терең білмегендер ұғып па?..
Мен сияқты жетімектер ұқсайтын
Өртең жерде бой көтерген шыбыққа.
Шипая боп өссек дағы өлмедік,
Омыртқамыз қатпай жатып терледік.
Балғын күннің еркелігін соғыстан
Қайтпай қалған ағалармен жерледік.
Екінші Арыс,
Талай арыс түбірінен құлады-ау,
Талай жандар жасын бұлап жылады-ау.
Сол жылдардың азынаған айқайы
Әлсін-әлсін құлаққа кеп тұрады-ау!
2
Жадыңда ма, туған жер?..
Кеуректің исі аңқыған
Көктемнің уыз кеш еді.
Жеңістің алыс даңқынан
Тойлардың лебі еседі.
Таңменен бірге дірілдей,
Жарқ ете қалған қырда алыс,
Көктемнің тұңғыш гүліндей
– Сүйінші! – деді бір дауыс.
Аралап кетті ауылды
Қуаныш нұры сөгілмей.
Жүректер сыздап ауырды,
Көз жас тұр әрең төгілмей.
Жамылып күннің алауын
Келеді ұшып бір адам.
Танғандай естен бар ауыл,
Аңырып қарап тұр оған.
– Сүйінші! – ғана айтары,
Шырылдап ұшып байғұсың
Ысырып жалғыз келеді
Ауылдың күллі қайғысын.
– Сәттібек ата! Сүйінші!
– Астапыралла, түсім бе...
Көз жасы құрғыр құйылшы,
Күл-талқан болсын зәрлі мұң.
Тас болып қатқан ішінде!
Жылаңдар, кәне, бауырлар!
Жылады, бәрі, жылады!
Сәттібек танды есінен,
Өз басын өзі ұрады:
– Кешірем, құдай, кешірем...
Келіні де есі шыққандай,
Сазарып қапты шық тамбай,
Көзінде сұмдық сұрағы!
Жылады, бәрі, жылады!
Жыламай қалай тұрады...
3
Жадыңда ғой, туған жер...
Арыстанды - Қарабас* құтырғандай,
Жұмырына жұқ таппай жұтынғандай,
Соққан еді-ау со жылы соққан еді-ау,
Аңырып ең сен де бір құтың қалмай.
Ауыл үстін мұң басты мың батпандай,
Тал түсте де көк түнек күн батқандай,
Қара қағаз борандап келіп жатты,
Хабаршы боп Қарабас жын қаққандай.
Бақ жұлдызы – жалғызы Бақтыбекті
«Елі үшін ер қаза тапты» депті.
– Ерлік – деген жалғыз сөз сол бір сәтте
Жылатпаған, жебеген Сәттібекті.
Қаққан қазық секілді қаздиып бір
Отырған-ды қалғандай сазға ұйып бір.
Кемпір бейбақ қазаның соққысынан
Жалғызымен бір кеткен оққа ұшырған.
Қоштасып боп ертесін кемпірімен,
Мұсылманша киімін кең тігілген
Атып ұрып:
Кешпеспін, қу құдай! – деп
Галифесін қайта алған тең түбінен.
Қайта барған қайла ұстап темір жолға,
Белден батып тұрса да көңіл сорға.
Алып кеткен сонан-ақ дөңгелетіп
Арқасына мінгізіп өмір – жорға.
Екі жарты бір бүтін болған дағы,
Тірлік еткен, тағдырға қорланбады.
Жұпарымен жеңістің бір-ақ кеште
Сілкініп тұр, міне енді, солған бағы.
4
Шал ойлады,
Өзінің өткен күнін,
Жүрегіне сыр сертіп мөп-мөлдір үн.
Тағдырына табынып жатты жалғыз
Көкірегіне орнатып көктем күнін.
Есіне алды ұлының шырылын да,
Жалғыз жарық сол еді-ау ғұмырында.
«Бақтыбектің көкесі» деген еді-ау
Келіншегі теңге ойнап бұрымында.
Есіне алды өксікпен кемпірін де,
Медеу болған тіршілік кем күнінде.
Қайран өмір, қайтейін қайырымсыз
Бәрі дағы қалыпты жер түбінде.
Көп татыпты тұщыны, ащыны да,
Көп көріпті жақсыны, жаманды да.
Көкірегіне қатталып қапты бәрі,
Көңілінде – қара мұң, ақ сыры да!
Бірер күнде келсе енді Бақтыбегі
Тағдырына ең соңғы ақ тілегі:
Немеренің дауысын бір есітіп
Өліп кетсе – мәңгілік шат жүрегі!
Масайраған жүректің дүрсілдерін,
Келінінің тұншыға күрсінгенін.
Тыңдап жатып өзінше қуаныш қып
Қалғып кетті ол сүйретіп құр сүлдерін.
5
Келіні ше?
Көңілі күңгірттеніп,
Жын-перідей сан сезім үңгіп келіп,
Жер таба алмай қоярға шыбын жанын
Аласұрды іш жанып, мың бүктеліп:
Қайран дүние-ай, қайтейін қайырымсыз,
Қуаныш пен қайғың да айырымсыз.
У берсең де толтырмай,
Су берсең де
Ұсынасың бүлк етпей, дәйім үнсіз.
Қайран дүние-ай қайтейін қайырымсыз.
Қарашы, сен, бетіме менің секпіл,
Салған жоқ қой көктемгі көңілшек күн.
Қуанышты хабармен, о, тағдыр-ай,
Менің сорлы жанымды өлімші еттің.
Не көрдім мен?
Сен маған тар құсадың,
Шала-пұла исіндім жар құшағын.
Енді бағым ашылар деп жүргенде
Жалғызымның білдім бе жарға ұшарын.
Ай жыладым
Келмеді.
Жылай бердім,
Жылап жатып жақсылық сұрай бердім.
Төрт жыл бойы телміріп хабар күттім,
Қубас өтер өмірден құдай ма едім!
Өрім ем ғой, неге сен аямадың,
Бақытымды келеді аялағым!
Әлде маған бір бақыт қимайсың ба,
Қимайсың ба өмірдің сая-бағын?
Сорлы болып тумап ем ата-анадан,
Тиген емес теріс те бата маған.
Жалғыз ғана тілегім өту еді-ау,
Аруана болып бір боталаған.
Бұйырмады деген соң Бақтыбегім,
Қаңыратып бесіктің ақ түбегін.
Жұта-жұта қайғының қара жасын
Қарайғандай болған-ды ақ тілегім.
Елдің есі жиылып
еңіреген,
Талай мұңлық қосылып теңіменен,
Жылы шуақ жылт етіп жылжып қана
Көңілімнің өтіп ед көгіменен.
Енді, міне,
Күлпәрше жүрегіме,
Қуаныштың жылуы кіреді ме?..
Маған деген жарықты сөндіретін
Басыма сор мәңгілік түнеді ме?
Бұл не болды?
Бұлдырап кетті басым,
Былғанайын деген жоқ текті басым.
Бөктергіні пана етпек болған шақта
Найзағайдай жарқ етіп жетті лашын...
О дүние-ай,
сергелдең, селтең өмір,
Мінгізіпсің сайтанды желкеңе бір.
Аман екен... келсінші... Арманым жоқ...
Не сыйы бар, көрейін ертең, өмір!
Өзін-өзі келіншек жұбатты да,
Тауса алмастан жауапты, сұрақты да,
Ұйықтап кетіп түсінде ұшырасты
Жарығы мол жапанда бір аттыға.
От жанарлы ақсақал, ақ шапанды,
Келе жатыр көтеріп ақша таңды.
Таяу келіп келіншек сәлемдесті.
– Қайырлы таң,
сыйладық жақсы атамды! –
– Сұмдық сол кештерде
Төсіңді аймалатқан
Ешқандай сес бермей
Бұл арың қайда жатқан?.. –
Деді ол қамшымен салып кетті.
Аппақ таң қап-қара боп жанып кетті.
Келіншектің шыңғырған ащы даусы
Шаңырақтан атылды жарып көкті.
«Бісміллә» деп жатыр атасы да,
Бар дүниені батырып батасына...
Бөртіп апты күн де сәл масаңдау ма,
Қаратаудың қонжиған жотасына...
Жадыңда ғой туған жер...
Күн де, ел де ажарлана сусанып,
Таң еді бір жақсылықтан шырайлы.
Шағын ауыл аспанына шу салып,
Бүгін тағы бір «сүйінші» сұрайды.
Жеңіс әнін солқылдатқан солдаттар
Эшелоны бүгін тағы өтеді.
Сәлеміңді Алатауға жолдап қал,
Солдаттардың сағынышымен жетеді.
Бақтыбектің келіншегі әдеттей
Бара жатыр бөткесіне жолдағы.
Қалай ғана шыдайды екен әндетпей,
Шаттығында шек жоқ шығар ондағы!
Келеді, әне, Ақдаладан сорғалап,
Жеңіс туын желбіреткен жігіттер.
Біздер үшін сонда ерлік, сонда бақ,
Ал енді сен, қарсы алмастан, тұрып көр!
Бір топ тентек бәйге атындай ұмтылдық,
Сыбағаны пойыз іліп кетердей,
Жарыспенен тамаша ғой бұл тірлік
Эшелонға бізден бұрын жетердей.
Таңғы ауаны дүрліктіріп айқаймен
Келіп қалды эшелон да жақындап.
Бөткесіне бұрын жетпек байқаймын,
Жеңгеміз де барып қапты тақымдап.
Біз де жеттік.
Өтіп жатыр жігіттер
Кеудесіне қызғалдақтар қадаған.
Жеңгеміз тұр көзі жайнап үмітпен,
Бақытты ғой Бақтыбектей жан ағам!
Өтіп жатыр...
Өтіп жатыр бір думан,
Бір ғаламат ұлы шаттық тасқыны!
Жеңгемізге лақтырды ғой бір туған,
Қолына кеп қонды Көктем жас гүлі.
Өзім мәзбін...
гүлді құшақтап
Жан дауыспен айқайлады...
Не деді?!
Доңғалаққа түскенін тек үш аттап...
Алғаш көрдім, жайрап қалған денені...
Жадыңда ма, туған жер?..
7
Туған жер жауабы:
Жадымда ғой, сәл тыңда,
Дәл осы үнсіз қалпында
– а – а – а – а...
– а – а – а – а...
– а – а – а – а...
Неткен дауыс?..
Құлақ па шыңылдаған?::
Қай байғұс бұл беймезгіл шырылдаған?
Адалдықтың, арманның айқайы осы
Жүрегіңе жаттап ал сырын, балам!..
Сол келіннің жан дауысы қас қағымда
Қалды ілініп мәңгілік аспанымда.
Мен білемін ақтықта не дегенін,
Қандай қуат кеткенін жас қанында...
Ауыл болып арулап жерлегесін,
Сипап көрдім ақырын мен денесін.
Ең бақытты адамдай жатты албырап
Арын төкпей, көңілін демдегесін.
Нәпсіге емес өмірге құмарланып,
Рас, бірде көз қалды тұманданып.
Бірақ, ол да, кім білсін, кінәламас,
Жүрегінде сыр жатса мұң аралас.
Мен сенемін,
солдаттың жары болып,
Бір қылаусыз боз шаңқан ары болып,
Қалды мәңгі ол тірілер жүрегінде
Адалдықтың айбарлы таңы болып!
Қайдан келді қатыгез қыршын өлім?
Жылдар бойы сол оймен күрсінемін.
Мұндай ерлік қолынан келе бермес
Кез келгеннің
Оны да білсін өлім!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу