30.05.2022
  109


Автор: Бекен Әбдіразақов

Қызылқұм

1
– Бармайсың деймін мен саған!
– Болмайды дедім мен сізге!
– Бармайсың деймін мен саған!
– Не істеймін мынау елсізде?!
–Елсізде-е?... Шошқа!.. Ақымақ!
Әкенің көзі ызалы.
Жарылар сәт те жақын-ақ!
Баласы жерді сызады,
Қонағы отыр жымиып,
Салмақты қалпын бұзбайды.
Анасы отын жүр үйіп,
Жалтақтап, жүрек сыздайды.
– Ақымақ!
Әлі ойланғын...–
Атына қонды барды да.
– Әзірле тұзын қойлардың!
Сабаңда қымыз қалды ма?..
Алды да қолға дорбасын,
Биені тепті бүйірден.
Кеудеде жатыр қорғасын,
Қабақта ашу түйілген.
Көсіліп жатты Қызылқұм,
Төбеде тұрды қызыл күн.
2
«Ойхой, шіркін, құм-жоталар!
Байтақ-ау,
шет-шегіне кім жете алар?!
Қарашы, қарағайдай сексеуілін
Алма ағаштай жайнайды төксе гүлін.
Шоғы да таскөмірден жалындырақ,
Жылынсаң жай табасың жаның нұр ап!
Ойхой, шіркін, Қызылқұмым,
Бойына жиған күннің қызыл нұрын!
Үстімен қыдыр жортып өтті ме екен,
Әлде аспан бар мейірімін төкті ме екен,
Осынша түлкі-қоян, киіктерден
Біздерге ырзық етіп жиып берген!
Ойхой, шіркін, Қызылқұмым,
Иесі өзіңсің ғой қызығымның!
Құмыңа күннің иісі сіңіп қалған,
Бойыңа сонан байлық тұнып қалған,
Сырың да теңесе алмай сирағыңа
Қалыпты жота астында бұйра-бұйра.
Ойхой, шіркін, Қызылқұмым,
Жұтпасам аптабынды бұзылды үнім!
Бүк түсіп күжірейтіп жон арқанды
Беліңе байлатпастан жол-арқанды
Келдің-ау таңба салмай өр төсіңе,
Өзіңсің өңірлердің серкесі де.
Баурына бабаларды қысып алған,
Әр шоқың бір әулие – кісіге арман.
Ойхой, шіркін, Қызылқұмым,
Білместен қадіріңді бұзылды ұлым!
Жотанда жеті атамның ізі жатыр,
Жотанда жоқшылықтың сызы жатыр,
Жотанда жақсылықтың нұры жатыр,
Жотанда қайғы деген ұры жатыр.
Өлшедім өзіңменен барлығын да,
Құдайдың көктен келген жарлығын да.
Пенденің пендешілік амалын да
Кешірдім сенің басың аманында.
Қызылқұм дауысымды іңгәлаған
Сен тыңдап, өзге ешкім тыңдамаған.
Бұйырмай Тәшкендегі пұл да маған,
Жөргек боп оралыпты құм да маған.
Сонда да шүкір,міне,өлгенім жоқ,
Таршылық ес білгелі көргенім жоқ.
Өзгені былай қойшы,орыстарың
Аударды өз төсіңе қоныстарын.
Бұл күні ол да қарық, мен де қарық,
Бар ма айтшы бұ заманда елде ғарып!
Алдымда мал дегенің мыңғырайды
– Өз малым, куә етем бір құдайды.
Совхоздан сұра барып сенбегенің,
Өйткені мен боламын ел дегенің»...
Ой тулап кеудесінде аласұрып,
Келеді кең әлемге дара ашылып.
Тебініп тор биені екпіндейді
Жанында жарықшақ жоқ шала-шірік!
Өрлік бар,
өжеттік бар тұлғасында,
Қарайтын омыраумен мың ғасырға.
Келеді күндегіден жалғыз өзі
Атасы Қызылқұммен сырласуға.
Есінен бір кетпейді баласы да,
Ол түссе, жан сыздайды, аласұра.
– Ой, нәкес, елсіз, – деді-ау Қызылқұмды.
Тағы да дырыл қағып бұзылды үні.
–Ой, шошқа, қайтем, – деді-ау, –
қойды бағып...
Бір ыза жұлып түсті ойды қағып,
Жан-жүйе төңкерілді астан-кестен,
Жыбырлап тұрды күндер бастан кешкен.
Күрсінді, тұлғасы да солып қалды,
Жамбастап, ер үстіне қонып та алды.
– Қойшымын,
Қойшымын – деп күбірледі –
Шынында қой баққаным бүгін бе еді!..
Бабам да осы құмда қойды баққан,
Атам да осы құмда қойды баққан.
Олар да осы құмда көшіп жүрген,
Олар да қиындықты кешіп жүрген.
Қызылқұм оларға да сүтін берген,
Қызылқұм оларға да жұтын берген!
Бірақ та... сүтін оған жарты берген,
Ал маған пәрін-құтын бүтін берген.
Өлді олар.
Әлде пері, әлде бір жын жерледі.
Білеміз адам емес, құм жерледі.
Өлді олар.
Еркін жемей бір асым ет,
Деп қана құр аяққа: – Рахмет!
Өлді олар, дала көріп, қала көрмей
Құрығын ондай өмір қара көрдей!
Жалшы олар.
Мен қойшымын, малшымын мен,
Тағдырды ауыздықтап алшы мінген...
Нықтанып отырды шал ер үстіне,
Тура бір патшадай-ақ жер үстіне.
Кең жаурын, қызыл шырай, қара сақал,
Мүсіндей соққан шебер келістіре!
Ауалап көз салады жан-жағына,
Қара жер қайысардай салмағына.
Тор бие иығында қола жатыр,
Білмейсің ер басы ма, бармағы ма?!
Алдынан көрінбейді қойлары да,
Бағана үйірген-ді ойға мына?..
Болғанмен көз жотада, көңіл алаң,
Дүркіреп қайта оралды ойлары да.
– Әй, балам... балам... балам,– жан үмітім.
Әкеңнің көңілі жарым, жаны бүтін.
Білсең ғой осы дала жанашырың,
Әмбеге ашып берген бар асылын.
Кұлыным, қала дейсің... қала ғажап...
Бірақ та енші емес қой далаға азап.
Білемін қала жақсы, қала қызық...
Ол – базар тарқамайтын жаңа қызып,
Ол – ұстаз сенің көңіл көзіңді ашқан,
Армандап көп аңсаған өзім жастан.
Барардай күнде тойға киінеді,
Кісіге жүре басып иіледі.
Қаланың бораны жоқ, шаңы да жоқ,
Бір дүние жаны да бар, жаны да жоқ.
Қала тоқ – ұдайы ет, ұдайы нан,
Бірақ ол келген жоқ қой құдайынан
Бәрі де кердеңдейді көшесінде,
Болсайшы ауыл деген есесінде!
Қайбірі көктен қарғып түскендай-ақ
Ұмытқан ауылындағы шешесін де...
Қой, балам!..
Қызылқұм – ата мекен туын тіккен,
Қонақ-ау қолтығыңа су бүріккен...
Не бар сол Арысыңда–шаң ойнағы?..
Әңгіме бітті ғой деп шал ойлады.
Жотаға шыға бере қойын көрді...
Биледі бір қуаныш бойын да енді.
Көзімен түстеп-түстеп санады да,
Өргізді қайтқан күнге қарады да.
3
–Шал қаңарлы, балақай!
Сыбаға әзір маған да.
Рахмет, ал апай,
Зытайын бас аманда.–
Көзін қысып қонақ та
Шаңын қақты шалбардың.
– Қартайған соң болад та,
Айқайы көп шалдардың.
Жандай ана айыпты,
Қонағына жымиды.
Жанарына байыпты,
Жан еріксіз жылиды.
Қонақ қуу қазаққа –
Өліммен тең қашанда.
Үлесі оның қазанда
Күнде тамақ асарда!
Ол келгенде – кеш жарық,
Көңіл – семіз, ешкі арық.
Аш жатпайсың кеш қалып,
Ренжітпейсің бес барып.
Есігі ашық әманда,
Дастарханы жаюлы.
Бүйірі тоқ заманда
Ойламайды баюды.
Қонақ деген ырыс деп,
Сені байлық санайды.
Тыныш кетсең, тыныш кеп
Сол сыйың да жарайды.
Тап болғалы бұл қонақ,
Он бес шақты күн өтті.
Серігі де бір қора-ақ,
Талай сыйлап, түнетті.
Осы үйге алғаш келгені,
Еске түссе күлкілі-ақ.
Қымыздан соң теңгені,
Ұсынды, аузын сүртіп ап.
Шал қарады алара,
Ыршып кетті кемпір де.
Қонақ күлді:–Бала, мә,
Енді сенің еншіңде!
Шал асықпай тұрды да,
Жүкаяқты ақтарды.
Қонағының мұрнына
Дәу буманы ап барды.
–Міне, ақша дегенің –
Таң-тамаша қонағы.
–Құмда ішіп-жегенін
Саудаламас болады,–
Деді де шал буманы,
Тастай салды бұрышқа.
Қонақ қаны тулады.
Сұрады шал:–Дұрыс па?–
Арқасынан қақты да,
Төрін берді қонаққа.
–Жүз көрмеген жатты да
Жатқызамыз он апта!
Табалдырық аттадың
–Ақшаңды, айнам, жолатпа!–
Деп шал жүзі жадырап,
Күліп қойды қонаққа!
4
Кешкісін шал ағытты
Әңгімеден науаны,
Оқтын-оқтын қағытты,
Жылмаңдатып сауалды.
–Қалай біздің Қызылқұм
Қызық қой, ә, қаладан?
Қызыл ерін қызыңның,
Өзі құмнан жараған.
Мынау менің жалғызым –
Мықты жігіт емес пе!
Қызылқұмдай хан қызын
Алып берем егессе!
Арысыңның мектебін,
Биыл келді тамамдап,
Шүкір енді, жеткенім –
Қонғаны ғой маған бақ.
Шертіп-шертіп маңдайдан
Қаласыншы, бәтшағар!
Қарсы тұрар қандай жан,
Малым да бар, ақша бар!
Қызылқұмның арқасын
Жауыр етем көкпардан.
Қырық күн тойлап тарқасын,
Той жасаймын көпке арман!
Қала қызы біздерге,
Қол емес қой не керек,
Ол дегенің күздер де
Ұшып кетер ебелек.
Әлде қызыл ерінді,
Біреуіне сырға сап,
Қалдырып кеп келінді,
Отыр ма екен бұл қазақ?
Деп мәз-майрам қартың да,
Қысылады баласы.
Түк зілі жоқ артында,
Қандай ғажап қарашы!
– Ойын жақсы күлмекке,
Айып етпе, қонағым,
Балам жүрсе дүрмекте
Мен бақуат боламын.
Кейде ауырса аяғым,
Басыма ой қаптайтын.
Енді баба таяғын –
Мұрагер бар сақтайтын.
Бұ Қызылқұм жарықтық –
Сарқылмайтын қазына.
Бар пендені қарық қып,
Жатқан қысы-жазына.
Сен секілді талайлар
Тентіреген бұл құмда.
Жақсы, салсын сарайлар,
Су керек қой құлқынға?..–
Кірпігіңде күлкі ойнап,
Қонаққа шал қарайды.
Сөздері де түлкі ойнақ,
Сүріндірер талайды.
Қонақ сары мұртын да
Сипап қойды бір ауық.
Сөз-таразы жылтыңдап,
Кезек-кезек тұр ауып.
–Қызылқұмның астында
Мұхит жатыр, қария.
Дәл үстінен бастың ба,
Ол бір жүз Сырдария.
–Қой, қой, шырақ, алдама,
Жоқ теңізге жалдама.
Сыйынайық онан да,
Құдіретті Аллаға.
Қызылқұмның бұлағы
Сонау зеңгір аспанда.
Құйып-құйып тұрады,
Құдай нұрын шашқан да.
Сендейлер құм шұқылап,
Тоздырғанша байпағын.
Есегімді ықылап
Сырдан су ап қайтамын.
Осы құмда өскелі,
Талай-талай пенде кеп,
Қаңбақтай-ақ көшпелі,
Тайып тұрған дөңгелеп.
Сен де соның бірісің,
Сенің де көп былығың.
Қызылқұмның күні үшін,
Аман болсын – құдығым...–
Шалың қолды сілтеп бір,
Шақшасына жармасты.
Бұралаңдап білтек тұр,
Шамнан өкіл алғашқы.
–Жо-оқ, ақсақал, сеніңіз –
Қонақ күлді жайланып.
–Айыңды да еліміз
Шықты қазір айналып.–
Шалың құлақ аспады,
Қонақ қалды ойменен,
Қызылқұмның аспаны,
Байыпты жұлдыз – қойменен.
Жұлдыз – қойлар семіз бе,
Әлде арық-тұрық па.
Әлде алау теңіз бе,
Көне қоймас ырыққа!
Көкке қонақ қарайды,
Үмітпенен арайлы.
Текке қонақ қарайды
Деп мына шал санайды...
5
Түн.
Шал сөзі алуан ойды сүйреп келіп,
Көшіп жүр кеудесімен түйдектеліп.
Түн.
Көгілдір қанаттарын жайып жатыр, ...
Ойпыр-ай, қандай,
қандай айып жатыр!
Түн.
Құс жолы тау суындай көбіктенген,
Құдайдың қоқысы ма төгіп келген?..
Түн.
Құм-жота қара толқын қатып қалған,
Қойнына талай-талай батып арман...
Сол толқын мұны-дағы орап алып,
Батырмақ,
бар үмітін тонап алып.
Қонақ тұр құм басында әруақтай,
Көңілін құлазыған жаны уатпай.
–Түн салқын!- деген бала дауысына,
Жүрегі жалт қарады жанұшыра.
–Иә, салқын!-деді де ол жылы ұшырап,
Керілді кең аспанға тынысын ап.
Түн.
Екеу тұр.
Бірінің тынып тұрса көкірегі,
Бірінің жанында арман көпіреді.
–Көп жерде болдыңыз ба? –
Бала үні.
Ынжыққа санап қойған мана мұны!
–О-о-о, білесің бе тайганы,
Жердің нағыз қаймағы.-
Шылымын сорды қонақ, жайлап қана,
Шығыстан көтерілді ай баптана.
–Көрген емес тайганы,
Мына туған ай-дағы.
Өйткені, ол байлығын
Бұрын жұрттан қаймығып,
Бермей адам дегенге,
Тығып қойған тереңге.
Жень-шень үшін, тері үшін,
Созбай досқа жең ұшын,
Өлтірген жұрт бір-бірін
Естімей Сібір бұлбұлын.
Мінекей, сол Сібірдің,
Қойнына түгел үңілдім...
Қазынасын аштық та,
Кеттік қала орнатып.
Көрген жақсы жастық та
Қиындықпен жол қатып...–
Қонақ қалды үндеместен,
Самалға төсін ашып түнде ескен.
Бала отыр қонағынан көз айырмай,
Осы жан құпияға қожайындай.
–Шынымен, теңіз бар ма құм астында?
–Теңіз не, мұхит жатыр мына астыңда...
Сенің де Қызылқұмың күн қақтаған,
Болады жасыл алқап бұлғақтаған.
Әзірше бұрғы салып тұлғасына,
Бұраймыз «еңбек ет!» деп бұл ғасырға!
– Баланың арқасынан қағып қойды,
Жанына бір шырақты жағып қойды.
Қызылқұм күміс нұрмен көмкерілген,
Мұхит боп толқып кетті төңкерілген.
6
Сол түннен қонағына бауыр басып,
Болса да барып жүрді ауыл қашық.
Білектей бұрғыларды құм төсіне
Дамылсыз сүңгітеді қауымдасып.
Кіл жігіт бұрап тастар бел темірді,
Иыққа қонақтатқан ерке күнді.
Кешкісін үн салады мамырлатып,
Шерткендей әсем мұңлы ертегіңді.
Баланы еркелетіп жатырқамай,
Көргенде деп қояды: Батыр қалай?
Бұрғының бір шетінен ұстатса мәз,
Мұнда да жігер деген жатыр талай!
Мұнда да жігер тулап, тасқын атып,
Тастардай тау төңкеріп, тас құлатып.
Осынау жігіттермен бар әлемнен
Дәм татып, емін-еркін аралар ма ең!
Каспийге барсаң құмды кесіп өтіп,
Талайлар таңқалар-ау есі кетіп.
Толқыса дариялар күнді шайқап
Кеудесін Қызылқұмның бесік етіп.
Күн сайын бала жаны алабұртып,
Әкенің сөздеріне қарады үркіп.
Бірақ та ләм-деместен сәл ыржиып
Жанында ой-үмітін қалады іркіп.
Қонақ та әке ойын мақұл көріп,
Қояды оқта-текте ақыл беріп.
Ол-дағы сүйгені ме мал бағуды,
Күн-түні ат үстінде тақым керіп!
Күн сайын бала жүрек діріл қағып,
Жүрген-ді қонағыны сырын бағып.
Сәт түсіп кеше кешке еркектерше
Сөйлескен өзгелерден қырың қалып.
Сол кештен жоғалды да ұяң қылық,
Таңертең бала әкеге қияң тұрып:
–Арысқа барып жұмыс істеймін,- деп,
Салған-ды түске шейін қияңқылық.
Міне, енді әке кетті өрісіне,
Басылды шаңырақтың керісі де!
–Ал, қош,- деп қонақ көзін қысты тағы,
Балаға сыймай тұрған терісіне!..
Бала да сәл жымиып қонағына,
–Шығарып салсам, аға, болады ма?-
Дегенде ана байғұс ақ жарылып,
Жіберді ақ тілекке орады да,
–Қарағым, жолың болсын!..
О, ана ақ тілегің,
Қонақтың түйреп өтті-ау нақ жүрегін
Құм асып бара жатқан перзентіңе,
Сен қазір ұзақ өмір, бақ тіледің.
Кім білсін әумин!-деп періштелер,
Әкесі бала ісін теріс көрер.
Сен бірақ ақ тілектен айнымайсың
Сонан да өмір сенімен жемістенер.
7
– Бала қайда?
–Сушыларда.
–Қашан кетті?
–Түс қайтарда,
Барып босқа шу шығарма! –
Сұрады шал үш қайтара.
Аттан түспей тұрды-дағы,
Сушы жаққа тартып кетті.
Арқадан бір ұрды-дағы
Кемпірге ой артып кетті.
Тірі пенде қыбырлаған,
Жотаны асты көрінбеді,
Әлденені сыбырлаған
Күдік күлді көңілдегі.
Тәрбиені борбайлатып,
Жетіп барды. Жұрты жатыр.
Кәрі жүрек сорқайнатып,
Аласұрып бұлқып жатыр.
Іздің беті – Арысқа емес,
Тіке тартқан құм ішіне.
Көз тұмандап, алысты елес,
Ой – япырм, мұнысы не?
Мұнысы не, мұнысы не,
Барам деп ед қаласына,
Кеткені не құм ішіне,
Кұдайдың қу даласына.
Сағым қуып тентіреген
Қаңғыбаспен кеткені ме? –
Қолға түссе өлтірер ем,
Тығып құмның бөктеріне.
Дүниені қиратардай
Шал жынданып аласұрды.
Үміті өшті, күн батардай,
Өлтіргендей жан ашырды.
Сүйіп алған баяғы да,
Кемпірін сәл аяды ма,
Қолда баба таяғын да
Қақ бөлді әкеп аяғына.
Құм ішіне лақтырды да,
Көзін жұмып шақ тұрды да,
Құлап түсіп шал жылады.
Шал жылады–қалжырады?
Жылама, шал,
Несіне жылайсың сен?
Қызылқұмға әзірге құдайсың сен.
Көп болғанда жөніне бала кетті.
Өз арманын өзімен ала кетті.
Ата-бабаң азаппен басып еткен,
Құтқармақшы ол құмдарды қасіреттен.
Қойға қарар адам да табылады,
Құмда шырақ өшпестен жағылады,
Жылама, шал,
Несіне жылайсың сен?
Қызылқұмға әзірше құдайсың сен.
Тыңдап әлі-ақ қайыңның шулағанын,
Қымыз ішіп, қарынды сипап қойып,
Жатасың сен ішінде ну жағаның.
Болмайды, шал, болмайды тулағаның!
8
О, Қызылқұм, кәрі мыстан,
Қыран да кегіңменен арып ұшқан,
Құмыңның қызылдығы бабалардың
Қиналып қасіреттен қаны құсқан.
О, Қызылқұм, кешір мені – тентегіңді,
Балаңмын бұла-ойлы, желкем – үнді.
Көзіңді аш, қай ғасырда жатырсың сен,
Ұлдарың көтерді, әне, желкеніңді.
Сені де заман желі сырғытады,
Сенде де көктейді өмір мың бұтағы.
Кеудеңді теседі де бұрғы тағы
Сөліңді адам біткен қылғытады.
О, Қызылқұм,
Бабам өлген аяулы аймақ,
Төсіңмен малды опасыз жаяулы айдап.
Сен менің қасіретімсің, қасиетімсің,
Ал бүгін қастерлеймін жалау байлап.
О, Қызылқұм, алаулы аймақ...
Аяулы аймақ.
Туған жер тіл қатпады ақынына,
Тіршілік сүңгіп кетті шатырына.
Кім білсін, күбірлесіп отыра ма екен,
Барлығын таразылап ақылына.
Балбырап жатты Қызылқұм...
Албырап батты қызыл күн...—




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу