Өлеңдер ✍️

  30.05.2022
  139


Автор: Бекен Әбдіразақов

Бауыр

Жалғандағы жалғызым, Ілиясым,
Елімдегі жып-жылы бір ұясың.
Дүниені ағаңа белден басқан
Қарайсың да, ақырын жымиясың.
Қойған едім сонау жыл атыңды да,
Құйттайыңнан білемін затынды да.
Мен келгенде жайылып дариядай,
Жақындатып жүрсің ғой жатымды да.
Он бауырды тірлікте тілемедім,
Онға балап өзіңді жүре бердім.
Қалдырмадың пенденің көңілін сен,
Сонан да адал екен ғой тілегі елдің.
Бұтақтандың, жалғызым, тілім тасқа,
Сен дегенде жаным да, ділім басқа.
Жемісіңді ұластыр ер ісіңмен
Мәуе ағаштай көктемгі гүліңді аш та!
Өмір жайлы ойларым тарқамайды,
Шалған кезде мезгілсіз қар самайды.
Өзім артқан тауқымет зіл-батпанын
Сорлы жүрек ыңқылдап арқалайды.
Жүрек шаршап орта жол болдырғанда,
Шілденің де салқыны тоңдырғанда,
Аласұрып іздейсің ем-домыңды,
Керек ете қояр ма енді оныңды?
Өмір шіркін тәтті ғой, тым тәтті ғой,
Жігіт дәурен қай-қайда шырқатты ғой.
Ойлайсың да өзіңнен қиналасың,
Тәттілігін қайтесің тым қатты ғой.
Арманыңды тауыссаң бұл өмірден,
Қайрат деген таяды жүрегіңнен.
Алатауды жатырмын арқа тұтып,
Ауа, суын қалдырмай сарқа жұтып.
Дерт екен-ау жастық та күле кірген,
Мен білмеймін не шықпақ бұл емімнен?..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу