Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  144


Автор: Бекен Әбдіразақов

«Жарты болке нан ал!» – деп жазды қатын...

«Жарты болке нан ал!» – деп жазды қатын,
Қушық пейіл қусырып, азды қатын!
Көлгірсімей көзге айту – бүгінгі ұран –
Итті ит деп немесе таздың атын!
Не көрінді соншама тақырланып,
Бір аштықты бұл байғұс шақырды анық!
Дастарқанға жараспас дарақылық,
Десек-дағы сөз емес мақұлдалық!
Нан есімі анамен ұндеседі,
Қорлағанды екеуін кім кешеді?
Нан мен ана сұтінің дәмін білмес
Қасиетін өмірдің білмес еді!
Нанның ағы, бозғылы, қарасы бар,
Ананың да тазасы, аласы бар.
Бұлар бұлай болғанда, о, құдірет,
Тағдыр неге болмасын ала шұбар!
Мұң боп қалды бүгінде қарға адым жер,
Бәлкім, мені бәз біреу қарғадым дер.
Сұрайтыным тағдырдан: азсынбаймын,
Ғұмырымның жылатпай қалғанын бер!
Ғасырымдай көрейін қысқа күнді,
Келістіріп илейін пұшпағымды.
Мен де адамнан тудым ғой, арманда өлмей,
Жүрелетіп кетейін дұшпанымды!
Тойғаныма мәз болмай жануардай,
Күн кешейін жұлқысып, жаны бардай.
Басым жұтсам, обалым бір өзіме,
Кек қайтар ма намысқа жанып алмай?!
Қандай олжа түскенім сергелдеңге,
Тағдыр мықты екен-ау мергеннен де!
Жалған дүние бағында жүрер ме едім,
Тілді безеп, секендеп жерден-жерге!
Жалп еткізді, оқ тиді елден ерек,
Сүзгілетті ойларға жел кебенек.
Қалмағандай жүректің сау-тамтығы,
Кінә тағам, құдай-ау, елге не деп?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу