Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  106


Автор: Бекен Әбдіразақов

Жоғалтқандай барымды кешелі мен...

Жоғалтқандай барымды кешелі мен,
Айықпаған бейбақтай кеселінен,
Алып ұшып жүрегім, жай таппайды,
Құлаймын ба тағы елдің өсегінен?!
Мықтымын ба, мен осы мақаумын ба?
(Тілі шығар ашынса сақаудың да!)
Жұтып қоймай қайғымды жар салғанға,
Жеп қоюға жанымды тақау мұнда!
Жайып салып жатыр жұрт шындықтарын,
Бастан кешкен қанқұйлы сұмдықтарын.
Өзім көрген аш-пұшым «пішту» екен,
Жарамайды әлі бүгін сыр бұққаным:
Сол сылдыр су, баяғы темір есік,
Көріседі қазір де еңіресіп.
От басыңның ойранын шығаруға
Құлшынады сабаздар көңілі өсіп.
Бет жыртысқан бекбике сол баяғы,
Ойланбастан арызға қол қояды,
Өліп қалса көршінің көк есегі,
Жерге тимей жүгірер қолды-аяғы.
Қайда барып күн көрем үптелгесін,
Жылағанмен білемін түк те өнбесін.
Жолда жалғыз отырмын, көңіл алаң
Қашан өтер екен деп күткен көшім!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу