Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  97


Автор: Бекен Әбдіразақов

Бір қарындасқа

Мұң шақтың сен, қайтейін, қарағым-ай,
Әділетсіз қашанда ала Құдай!
Жауқазындай жасында желкілдеген,
Қалай уын жіберген сабағың-ай?!
Қазақ босқа қарғамас қу Құдайды,
Мен де көрдім нешеме «сұмдық-айды!»
Мен әкемнен қалған ем бір жасымда
Елуімде жұттым ғой улы қайғы!
Жетімдіктің жүгін де арқалағам,
Ыза-кектен жүрегім қанталаған,
Жалған дүние көзіме көрінетін
Жан-жағымнан жауындай анталаған!
Өмір, шіркін, қалайда тамаша ғой,
Қиялында сан қабат таласады ой.
Қасіретің кешегі, бүгін көрген
Бақытыңнан, қарағым, аласа ғой!
Соқыр тұман сияқты мұң басқанда,
Жоғалтып ап сасқанда Күнді аспанда,
Жібек самал соғады ғайыптан бір,
Сондай сезім сенімен сырласқанда!
Жыл емдейді асықпай бәрін-дағы,
Жоғалмасын арманың жанындағы.
Көкіректе қап қояр қаз-қалпында
Сәуле үміті күтпеген таңындағы!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу