Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  97


Автор: Бекен Әбдіразақов

Өкініштің қара тасын зіл-батпан...

Өкініштің қара тасын зіл-батпан,
Өз жанымда айлап емес, жыл жатқан,
Жылжыта алмас жер көтерген өгіз де,
Қасарысып жабысқан дерт құндақтан!
Күз айында жарты ғасыр бұрынғы,
Жетімдіктің құзғыны кеп жырынды,
Әкемменен қоса әкетіп қалыпты,
Бұлтпен жауып сәби бетте нұрымды!
Ақ толқыным ақтарыла күлместен,
Содан бері сағынышты күн кешкем.
Төбемдегі көк аспаным ашылса-ақ,
Көлеңкелей қояр қайғым мінгескен.
Сәл шуақтап арайына шаттықтың
Сіміре алмай нұрын тойып, аптықтым.
Қуаныштың мөлдіреген жүзінен
Көп те емес, бармақтай-ақ бақ күттім!
Төбеме еш айналмады бір бағым,
Толқынымды дауыл айдап, құрғадым.
Елу жылдай жер бетінде жүргенде
Жиі-жиі жаңылды ғой ырғағым!
Кім кінәлы? Өкінішім зіл-батпан,
Жабысқан бұл бәле еді құндақтан.
Елуімде емін қайдан табамын,
Сарайымды кім аршиды құм жапқан?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу