Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  161


Автор: Бекен Әбдіразақов

Жақұт жанар, аққу мойын, шие ерін...

Жақұт жанар, аққу мойын, шие ерін,
Етің мамық, талшыбықтай сүйегің.
Арам астай адырайып қараймын,
Дәм татам деп қышымайды иегім.
Сонда да мен сүйемін!
Сені көрсем, еріксіз бас иемін,
Ағытамын құмарлықтың тиегін.
Ішіп-жеймін көзімменен өзіңді,
Жұтардаймын үлегін де түйенің.
Қолым жетпей, күйемін!
Көзге күйік, жанға азап, киелім,
Бәйбіше боп сабасындай биенің,
Ертең сен де отырарсың сипалап
Алыс қалған арман арал жиегін,
Боркемік боп сүйегің!
Жақұтжанар, аққу мойын, шие ерін,
Әзірше мен сені өлердей сүйемін.
Қарашы сен, жалын құшты жүрегім,
Көп кешікпей күлім қалмай күйемін,
Қош болып тұр, киелім!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу