Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  73


Автор: Бекен Әбдіразақов

Жыладым деп жазсам да жыламағам...

Жыладым деп жазсам да жыламағам,
Көз жасыма күлмей ме мына ғалам?!
Жас тамғасын ер жігіт жүрегінен,
Жарық дүние дүние ме құламаған?!
Ойран-опат оты бар тамшысында,
Тіршіліктің тірегі қамшысында,–
Бақыт, байлық жатпай ма сайраңдасып
Басындағы бөркінің алшысында!
Өмірдің де анасы әйел деген
Бақыт табар, сұрашы, қай ерменен?
Ер жігіттің қуатты қайратынан
Жер жайнаңдап, аспанда Ай өрлеген!
Жыладым деп жазсам да жыламағам,
Байлық болар бұйырған бұ да маған.
Кісі емес пе менімен мына ғалам?!
Дүние биік жігітпен құламаған,
Жігіттерден ештеңе сұрама, адам!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу