Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  125


Автор: Бекен Әбдіразақов

Қош бол, жазым, қайта оралмас қызығым...

Қош бол, жазым, қайта оралмас қызығым,
Жүрегімді жайламаған қызуың!
Жылдар өтер, қайдан табам мен сонда
Өмірімнің алтын зерлі үзігін?!
Өрмегімде бір арқаудың өрнегі,
Көрген кезде бояусыздау келгені.
Байқаса жұрт, күрсінермін ақырын,
Амал қайсы, тағдырдың өз тергені.
Көз тіріде көркем жазын жоғалтқан,
Арбасына қауын емес, боқ артқан
Ақымақтар аз деймісің өлемде,
Жасыл жазым, аямастан соқ арттан!
Обалы жоқ, етпетінен құласын,
Жүрелесін, жолда отырып жыласын.
Жабырқатқан жайма-шуақ жазын да –
Жүрегінен кешірімін сұрасын.
Қош бол, жазым, қандырмаған қызығым,
Орта жолда түсіп қалған үзігім!
Арманымның саусағынан абайсыз
Сусып түскен тана көзді жүзігім!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу