Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  69


Автор: Бекен Әбдіразақов

Өмір өзі жаралған алданыштан...

Өмір өзі жаралған алданыштан,
Жүрек гүлдеп, нәр іздеп арман ұшқан,
Тамсандырып қоймаса адам жанын,
От шыға ма қанатсыз ар-намыстан?!
Нәрленгенсің сілкініп ар-намысың,
Алақанға ап балапан алданышын,
Дүниені шарлайды жоғын іздеп,
Көтереді тағдырдың салған ісін.
Шындық – жалған, бұ жолдың жалғаны шын.
Тіршіліктің аралап нар қамысын,
Бір бұлаққа кездессе басын жастап,
Тербетеді сәбиін – алданышын.
Кеші батып, басынан таң атқасын,
Жоғалтып ап, байғұсың алақтасын...
Тағы жолға шығады жоғын іздеп,
Адам етіп ит жанды жаратқасын!
Өмір өзі жаралған алданыштан,
Жүрек гүлдеп, бал іздеп арман ұшқан!
Арманды жан жалықпас сандалыстан,
Ылғи күтіп алады ол таңды алыстан...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу