Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  105


Автор: Бекен Әбдіразақов

Үміттің соңғы сәулесі

Үміттің соңғы сәулесі
Әлсіреп барып өшкесін,
Көк тиын Құдай тәубесі,
Түкірдім, кешсін, кешпесін!
Шығармай дымын жалғыздың,
Бақ қонса-ақ жастай жазалап,
Жететін тағдыр жауыздың
Шаршатты қолы мазалап.
Жырымды тыңдап, ел сенді,
Жүректер тұрды қуанып.
Елуде құрмет еңсемді
Көтерді, елім құп алып.
Елу күн өтпей елуден,
Жалп ете қалды бақ құсым.
Тағдырға қалдым сенуден,
Көзімнен қаным ақты шын.
Іңгәммен туған үмітім
Жалт ете қалып жоғалса,
Қайтемін Құдай үгітін,
Құсымның басын оғы алса!
...Өлген артық мұнан да қараң батып,
Айдалада көз көрмес арам қатып –
Қойғанынша телміртіп бір тесікке,
Құлқыныңды сұқ иттей жалаңдатып.
«Бекер келіп, өмірге бекер кеткен,
Берекесіз, беймаза Бекен деп пе ең?»
деген сөзді соңымнан бықсытқанша,
Бір сілтер ем қолымды, жетер деп мен.
Дәрменсізбін, қайтейін, қайратым жоқ,
Арыстандай тордағы айбатым жоқ.
Тамылжыған шілденің әр түнінде
Тұрам ылғи ыршынып, Айға атылғым кеп!
«Айға шауып Арыстан мертігіпті!»–
Жүректінің айтса да серті мықты.
Мазағына шыдамай әр заманда-ақ,
Намысы үшін бастарын ер тігіпті.
Соған жүрек мендегі жете ме екен,
Кіжінумен күндерім кете ме екен?
Сап, сап, батыр, бір қатын ықпағанда,
Босқа ыстықтап қайтесің өте, көкем!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу