Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  77


Автор: Бекен Әбдіразақов

Іздейміз есті серікті...

Іздейміз есті серікті,
Қуалап ғарыш қуысын.
Шынында, бұ жұрт ерікті,
Жұлдыздан таппақ туысын!
Көз жетер жұлдыз әлемін
Талмастан шолдық түн қатып.
Тірі жан жердің сәлемін
Алмады бірақ тіл қатып!
Сонда да тынбай тіміскіп,
Қоймаймыз түпсіз ғарышты.
Кейбіреу үлкен жұмыс қып,
Тетігін тауып алысты.
Ғарышқа барған ерлерің
Жер-ана жұмақ деп келді –
Сағынып жаңбыр, желдерін,
Орманды, тауды, көк көлді.
Өршиміз қайта өрекпіп
Әзірге қолдан келмеске.
Япыр-ау, бізді керек қып
Жатса олар хабар бермес пе?!
Намыстан жалын атпаса,
Адамың адам болар ма?
Бір жұмбақ түйін жатпаса,
Шабыттың құсы қонар ма?
Көзінен нұры төгілген
Арманға, досым, сене бер.
Сөнеді Күн де көгіңнен,
Сенімсіз қалсаң сен егер.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу