Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  95


Автор: Бекен Әбдіразақов

Көшпейді тіршіліктен көгілдір шақ...

Көшпейді тіршіліктен көгілдір шақ,
Көтереді мәңгілік өмір құрсақ.
Адамзаттың дәмі де таусылмайды,
Ақиқатқа ден қойып, көңіл бұрсақ.
Жаратылыс заңынан хабардармын,
Көріп келем өмірдің жаңарғанын.
Бауырымдап қоштасқан достар орнын
Басты арқалап баласы жаңа арманын.
Түлейді екен қан жүрсе тақырың да,
Қалмайды екен езіліп пақырың да.
Өшпейді өмір, мен сенем, соғып тұрса
Тіршіліктің жүрегі ақырындап!
Жолға шықты сәби Күн тәй-тәй басып,
Құттықтады бар дүние айқайласып.
Орман-таулар нұрланып, дала шалқып,
Неткен құдірет, тіршілік, пай-пай, ғашық!
Жер жадырап, маңқиып мамыр аспан,
Бұл әлемге қарайды жамырасқан.
Өмір шіркін осылай жаңарады-ау,
Күннен-күнге тәтті боп қадірі асқан!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу