Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  65


Автор: Бекен Әбдіразақов

Қыстаудағы үйге барғанда

Туған үйім! Келіп тұрмын босағаңа,
Көңілің түлегіңді қош ала ма?
Өмірге есігіңнен көз ашсам да,
Көп бопты-ау келмегелі осы араға!
Аңсарым ауып келдім ес кіргенде,
Мүжіліп кесектерің ескірген бе?
Есігің мені танып қыңсылай ма,
Күшіктей пана іздеген кеш кіргенде.
Қараймын, терезеңнің жақпарына,
Тозаңын жел ғана тек қақпады ма?
Мен жоқта құрт-құмырсқа өзгесінен
Тірі жан табалдырық аттады ма?
Қабырғаң қарайыпты, аппақ еді,
Өрмекші мұнша алқа тақпап еді.
Әкем мен анам саған кезек-кезек
Қолымен сылақ жағып, ақтап еді.
Өзіңді, намыс қылман жаман жандай,
Қастерлеп сүйеді әлі анам қандай!
Өткеннен ескерткіш деп келдім бүгін,
Көрдің бе, алға ұзаған заман қандай!
Болсам да азаматы астананың,
Жарамас естен сені тастағаным.
Туған үйім, келіп әлі көп іздермін
Орнынды көшесінен жас қаланың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу