Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  114


Автор: Бекен Әбдіразақов

Аталарым

Сәлем, сәлем, арыстық жолшыларым,
Өшірмеген жүрек пен жол шырағын.
Әкем көзін көргендер сиреп қапты-ау!
Тірісі айтты:
– Біздің жай сол, шырағым.
Өмір шіркін қатал да қайырымды,
Қатарынан бұл атаң айырылды!–
деді де шал сақалын сипап қойып,
Күлімсіреп бетіме жай үңілді.
Қайран қалдым атамның қылығына,
Ажал итті қыстырмай жұлығына.
Паңданады, қыдырып кеткендей-ақ
Қатарлары фәнидің ұлығына!
Паңданатын жайы бар аталардың,
Әулие емес, солардан бата алармын.
Зымыраған заманда озып келді.
Талай-талай бәйгеден аты олардың!
Түрксібтің арқалап рельсін,
Жігіт жанын бәс тікті ұлы елі үшін.
Өзен кешті, тау тілді, шойын жолдың
Алатауға сүйрелеп бір өрісін.
Ал бірі күні-түні кірпік ілмей,
Жұдырықтай түйіліп, күлкі білмей.
Аттандырды Арыстан эшелонды
Бес жыл бойы бес секунд бір кідірмей.
Енді, міне, қатары селдіреді,
Ерлік істі бұл жалпақ ел біледі.
Қайсарлықпен қатайған ер жүрегі
Өлмейтінін мәңгілік сендіреді.
Паңданатын жөні бар аталардың,
Әулие емес, солардан бата алармын.
Жиырмасыншы ғасырда озды талай
Өмір деген бәйгеден аты олардың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу