Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  125


Автор: Бекен Әбдіразақов

Қоштасу

Туған жерге ат ізін салмағалы,
Арысымнан қан шөлім қанбағалы,
Талай көктем төбемнен қиқу сапты-ау,
Сағыныштың ауырлап салмағы әрі.
Балқаш елі, Іленің жағасынан,
Жыңғыл жиде гүлінен жаңа ашылған,
Арысымның аңқыған иісін танып,
Қайтып барам, қайтқандай нағашымнан.
Қара жерден кесек батып, шаң жұқпай,
Қара табан айызы бір қанар ма?
Қиялымды кең даламен қарғытпай,
Жел үрлемей жүрек оты жанар ма?
Мен бала едім сағым қуып сандалған
Сары мейіз даласында Арыстың.
Жалын құшып, айырылмастан арманнан,
Қызыл шақа қиялыммен жарыстым.
Жеткізбеді арманым мен қиялым,
Мен есейсем, жоталанды олар да.
Енді отырмын өз-өзімнен ұялып,
Түк ілмеген аңшыға ұсап сонарда.
Бірақ әккі аңшыға тән құмарлық
Құтырынып қап қойғандай қанымда.
Бір олжаны ілем ұмар-жұмар қып,
Жан ашуы, жүрек оты барында.
Көктемде танып ақылдан,
Бір ұрып жарды жапырған,
Арысым аптап шілдеде
Құшағын жайып шақырған.
Жағада жиде, жыңғылы,
Ішінде күлкі, сыңғыры,
Мамырлап мақпал толқыны,
Тербелген ойнап күн нұры.
Түседі еске қайдағы
Жас шақтың айлы сайраны.
Арысым жазда — жап-жасыл,
Махаббаттардың жайлауы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу