Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  103


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Сап-сары сағыныштар

1-өлең
Мен сенен шалғайдамын...
Айтылмай қалып қойды таңдайда әнім.
Ақырапта сағынғаным –
Жапырақтай сарғайғаным.
Көңілім – ала тұман,
Сұрланып тоңдырады дарақы маң.
Мұңға толы жыр оқимын
Қайтқан құстың қанатынан.
Мен сенен жырақтамын...
Білдің бе көкейімде сұрақ барын?
Батып жатыр сыңсып кешім,
Атып жатыр жылап таңым.
Шығып ап бір белеңге,
Мәңгіге жоғалармын түнге ерем де.
Көктем керек жүрегіме,
Онсыз бағым гүлдеген бе?
Мен сенен алыстамын...
Тәңірге тірлігімді табыстадым.
Табармыз-ау бұл жалғаннан
Бірге іздесек жан ұшпағын.
2-өлең
Сырты – қоңыр, іші – күрең
Байғұс күздің қайғысын түсініп ем...
Аңсарым-ау, сәт сайын өзіңді ойлап,
Көктем жақтан жырлаймын құс үнімен!
Түн жамылып жылауда аспан,
Ұйқым қашты тағы да мынау бастан.
Жапырақтай сарғайдым сені күтіп,
Сағынышым көп менің – тырауласқан.
Жүрегіме зарық тұнар,
Жанарыңмен қарасаң жарық құмар.
Махаббаттың мазасыз машақаты
Қайта-қайта жанымды қамықтырар.
Қою түндей тым қараңғы
Көңілімді батырдым мұңға мәңгі.
Жалғыз кешу бәрінен қиын маған –
Өмір атты осынау шырғалаңды.
Қызғалдақ деп қыз дегенің,
Үлпіл қаққан үмітті үзбеп едім.
...Ерте түсіп кәрі қыс қар жаудырса,
Кигізгені болмай ма күзге кебін?..
3-өлең
Қауыс өтер, тоқсан туар, қыс түсер,
Қарға құсап қарқылдай ма суық түн?..
Қалам алып тарқатарым – ішкі шер,
Құр елестің қыр соңынан қуыппын.
Сені ұмыту қиын маған бәрібір,
Сүю деген сағыныш пен мұң екен.
Сары гүлдей жырларым бар сары кіл,
Сал көктемде жүрегімнен дүретем!
Жалғызсырап, аңсап, шаршап, болдырып,
Тілі жоқтай үндемейді мына күз...
Жапырақ боп үзілді де солды үміт,
Бұл, әрине, біздің ортақ күнәміз.
Өзіңменен қоштасқан күн есімде,
Бақыт құсы басымызға қонбады, ә?
Келген едік зілмауырлау шешімге,
Емешемді езетіні сол ғана.
Айтылмастан өлген сырым көп менің,
Бірақ қайғы шыдатпайды, төзім – кем.
...Тым құрыса ерніңнен бір өппедім,
Көрген сайын сүйемін тек көзіммен!..
4-өлең
Күз-көңіліммен сағындым сені,
Мойынсынбастан уақытқа құрғыр!..
Тарқамай көптен жанымның шері,
Ұшты ғой бастан бақыт та бұл-бұл.
Төгілер көзден моншағың кілең –
Жас дәурен өтіп, өмір көшкенге.
Әніме қосып аңсарымды мен
Арнаймын саған қоңыр кештерде.
Махаббатымның мұңын сақтадым,
Шын сүйген болсаң түсінер едің...
Жырларым – жетім құлыншақтарым,
Тыңдашы тағы кісінегенін!
Алдыңнан талай жайдым жүректі –
Көктем аңқыған гүл құшақ қылып.
Аққуын күтіп айдын дір етті,
Жағада тұрмын нұрлы сәт күліп.
Түседі кейде еркелеп еске
Жайдары жаздың самала таңы.
...Осынау жолмен, ерте ме, кеш пе,
Бір бала-ғашық бара жатады!..
5-өлең
Артымызда жылай-жылай күз қалды,
Енді, міне, қыс төніп тұр ызғарлы...
Мезгіл мынау – үсік шалған, зәр атқан,
Жүрегімде қайғы дейтін мұз бар-ды.
Ерте көшкен жазғы дәурен – басқа мұң,
Жапырақсыз тұл қайыңдай қасқамын.
Аспанымды бұлағайлы бұлт торлап,
Асқарымды құрсаулапты тас таным.
Жалғыз қалып өксіп алдым аулақта,
Сен бәрібір көз жасыңды саулатпа.
Жыл өзгерер, көктем туар содан соң,
Қолыңды да жеткізерсің нау баққа.
Шындығында – өмір сүргім келеді,
Ит тірліктен суып біттім, себебі.
Көз ілдірмей шығады, рас, түн бойы –
Сартап қылып сағыныштың дерегі.
Солай, жаным, мен жүретін жол – шұбар,
Бәлкім, біреу сапарымды қорсынар.
...Маңдайымның тайқылығын қайтейін,
Әлімсақтан бұйырғаны болсын, ал...
6-өлең
Елесіңді көп болды көрмегелі,
Тағдыр бізді екіге бөлген еді...
Сені мәңгі сағынып өтермін-ау,
Қиын екен жүректің шөлдегені!
Арзандатпай бағалы уақыт құнын,
Таң атырды ұйқысыз жақұт түнім.
Саған деген іңкәрлік баурамаса,
Мұндай күйін кешпес ем бақыттының.
Қазір көктем құрып тұр патшалығын,
Жалындаған жастықтың жақсы әні бұл.
Көгжиектен күн шығар шуақ шашып –
Сағынышым сияқты сап-сары кіл...
Жанарымның бұлттары – нажағайлы,
Көңілімнен күркіреп мазалайды.
Бүршік атып дүние жаңарғанмен,
Өзгермепті тек қана аза-қайғы.
Сезім шіркін тұңғиық, терең бейне,
Үмітімді үзгім жоқ сенен кейде.
...Қайда сол бір таныс та бейтаныс күз,
Жаз көшкен соң тағы да келем дей ме?..
7-өлең
Арман бағым-ау,
Дауа жоғын білсемші жалғанға мынау...
Сенсіз менің жүрегім жылыған емес,
Терезесін көңілдің шалғанда қырау.
Аз күнгі аңқырым
Мамырлатар аспанда қаздың қаңқылын.
Дәуренімдей бұл көктем көшеді бастан,
Бар қызығы алдамшы жаздың да арты мұң.
Уақыт санадым,
Бұлдыр ойдан баянсыз бақыт табамын.
Маған қарап бір сәтке күлімдегенде
Айналар ед ғажайып жақұтқа маңым.
Тәтті елесіңді
Көрген сайын жимаймын, әттең, есімді.
Толқын-толқын өмірдің көк теңізінде
Кете бардың алыстап ақ кеме сынды.
Жаңғырып санам,
Айтылмаған сырымды ән қылып салам.
...Жанарымнан жас үзіп қоштасқаныммен,
Ғашық болып қалармын мәңгілік саған!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу