Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  109


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Күтпе мені

Күтпе мені күн сайын тосып, қарғам,
Кездесуден жүрегім шошып қалған...
Жазбай жүрмін бүгін де жөнді жыр да,
Жеткізбесе қайтейін жосықты арман.
Көрмеу үшін алыстау жерге кеттім,
Жараланған жанымды емдемекпін.
Сонда бекер жолығып мына маған,
Көз жасымды жусандай кермек еттің.
Мәжнүндікпен өмірді неге сүргем,
Шығардым да тастадым сені есімнен.
Мұңды күздің қаралы түндерінде
Жүздесемін тек қана елесіңмен...
Тым құрыса өзіңмен достаспадым,
Қатты батты, білемін, қоштасқаным.
Өксіп-өксіп алдың-ау оңашада,
Бәлкім, жұмсақ ерінін тосты аспаның.
Өткен- өтті, қарғым, ұмыт бәрін,
Баяғыдай атпйды күліп таңым.
Сол аяулы көктемнің жазығы жоқ,
Шын сырымды, әттеген, шын ұқпадың.
Езілді еңсем- тағдырдың бүктегені,
Бірақ ертең қайтадан тіктеледі...
Жанарымнан үзілген бір тамшы жас-
Махаббатқа қойылған нүктем еді.
...Күтпе мені!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу