Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  105


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Лүпілдек

Қайран менің Лүпілдегім,
Лүпілдегім, қаталатқан Жүрек пе ең?..
Жырға айналды бүкіл демің,
Бүкіл демің – махаббаттан лүп еткен.
Тулап жатыр тылсым күшің,
Тылсым күшің аламанға дүркіреп.
Кейде Жаным күрсінді шын,
Күрсінді шын қамағанда кіл түнек.
Жанарымнан мұң арылмай,
Мұң арылмай мөлтеңдей ме қу жасым?
Бақытымның сыңарындай,
Сыңарындай көркем бейне – Музасың!
Шұрқырап тұр құлын-көңіл,
Құлын-көңіл – шабыс аңсап өртенген.
Ертегі екен бүгінгі өмір,
Бүгінгі өмір – табысар шақ ертеңмен.
Даңғазалы дүние-дүн,
Дүние-дүн күйік етер әуресін.
...Лүпіл қаққан Нұри едім,
Нұри едім – сүйіп өтер Сәулешім!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу