Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  66


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Бағзылық

Бағзы дала, сыр сақтап тұрсың ішке,
Бағзы балбал не дейді – кім біледі?
Керек екен азғантай күрсініс те,
Бағзы күйдің ескенде мұңды лебі.
Бағзы ғасыр қобыз боп күңіренер,
Бағзы мазар құптанмен табысқанда.
Жаннан кешкен ерлерге жүгіне бер,
Бағзы дұшпан қуанар шабысқанға.
Бағзы керуен көре алмай көп қызықты,
Бағзы жолға сапарын теңдеп келген.
Небір жұтты басынан өткізіпті,
Бағзы жұртым тентіреп дендеттерден.
Бағзы кітап алдымнан ашылғанда,
Бағзы жазу жүрекке көшетіндей.
Шөл мен шөлейт айналып жасыл маңға,
Бағзы дарау қайтадан өсетіндей.
Бағзы құлпытастағы сөзді ұғынсақ,
Бағзы жырдың іші – шер, сырты – қайғы.
Ылғи кіріп түсіме боз құлыншақ,
Бағзы даусын жаңғыртып шұрқырайды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу