Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  115


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Көктем күткен

Шуақ шашпады көптен күліп Күн,
Өлеңнен ғана қуат аламын жаныма...
Шаттыққа толы Көктемді күттім,
Көкшіл Әлемнің көгілдір күйін сағына.
Кешіп келемін Долы Қыс қарын,
Аяз да кәрін зәр қылып маған шашып тұр.
Тәтті Елеспенен жолығыспадым,
Сола гөрмеші, жүрегімдегі Ғашық Гүл!
Жұпарлы самал беткейге сіңген,
Ерке көңілім дірдек қаққалы ызғардан.
Қанды Желтоқсан кетпейді есімнен –
Мұздың бетінде қып-қызыл мөрдей Із қалған.
Даланың көрдім өксіп алғанын –
Жетім Шындықты жылатқан кезде сұр қала.
Қайда жүр менің Көксіл Арманым,
Сылқылдақ үнін өшірді ме екен құлғана?
Жаратқан Жардың жанабын аңсап,
Үскірік ұрған зарымды қостым боранға.
Наурыз Нұрына сананы малсақ,
Саңқыл сезімнен бүршік атардай қоғам да.
Тоң болып қатқан өктемділіктің
Шалығы соқпай, жете алсам игі бағыма.
...Шаттыққа толы Көктемді күттім,
Ару Аққудың шын махаббатын сағына.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу