Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  103


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Қысқы ойлар

Қыршынынан қиылып күз өтті ме,
Күз өткенше, сананы сыз өпті де...
Тұл қайыңды жынды жел ғайбаттады,
Керауыздан көретін “ізет,” міне.
Жүрегімді сарғайтып жалғыз мұңым,
Қиқу-құстар қайтқалы мәңгі үзді үнін.
Жасап жатыр дүние дүрмек тойын,
Бар қарғасын шулатып, бар құзғынын.
Сезілгенмен бораннан сүргін демі,
Көктем туар – болғанда бір күндері...
Суыт ызғар шайтанның сөзін сөйлеп:
“Сенің осал жеріңді білдім,” – деді.
Тірлігімді қайтейін тастап қашып,
Жүріп келем тоңсам да асқақ басып.
Дәурен қалған қызғалдақ қауызында,
Қамкөңілім бүгінде жас шаққа асық.
Қар жауып тұр аспанның қабағынан,
Дір-дір етіп қысқы әнін салады маң.
...Ал мен болсам сол қызды күтіп жүрмін,
Сағынбасам жанымды жара қылам...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу