Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  81


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Тайқы тағдыр

Қар бетінде жазулы қысқы өлеңім...
Жезтырнақ-Күн қан ішіп жұтынғандай –
Қарасам Құбылаға кешқұрым.
Зәрем ұшты сол сәтте, құтым қалмай,
Содан соң көкейімді тесті мұң.
Құшағына кірсем деп таңғы ызғардың,
Түнімен ой ойлаймын кіл қаңғыр...
Ел ішінде жындыдай жалғыздандым,
Сорым да, бақытым да – Жырдан-дүр.
Соқпай қалып бейуақ Жүрек өлсе,
Аспаннан ағып түсер Жұлдызым.
Елес-Үрей көзіме түнегенше,
Көрсемші Жұмақтағы Үр Қызын.
Қанатынан қайрылып Ақыл Құсы,
Есімнен адастырды-ау көп рет.
Бұл өмірде тек мен бе Ғапыл Кісі,
Мылқаудай үндемейді төңірек.
Тоңдырады жанымды үсіріп сыз,
Жол – тайғақ, Көңіл – суық, Ми – тұман...
...Айтшы, мынау неткен Хал түсініксіз,
Жә, жетер, оянайын Ұйқыдан!
Түс көремін, тағы да Түс көремін...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу