Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  91


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Жалғыздық емес

Маған ғана асмарлап* патшалығын,
Ұшып кетті құс болып сап-сары мұң.
Мұң дегенім кәдімгі Күз еді ғой,
(Күзді неге сүймеске – қақса күлім?)
Үңіліп тұр төбемнен Ғаршы-Ғалам,
Сол мекенге құмар-ау жан сірәдан.
Жазылмайтын өлеңді жазамын деп,
Көзім жасы жұлдыздай тамшылаған.
Сезім – ыстық, үй – жылы, дала – салқын,
Бірақ мендік арманға таласар кім?
Түн ұйқымды бүгін де қырық бөлді,
Ғайыптан-дүр естіліп шала-шарпы үн.
Тез атырмай таңымды қараңғылық,
Бастап жатыр мың оймен санам бүлік...
Бұл өмірден көңілім қайтар емес,
(Тағы отырмын бір жылды тәмам қылып.)
Қабағынан қар жауып Қыс кіргелі,
Қалтырап жүр қаланың міскіндері.
Шүкір етем көшеге шыққан кезде –
Бүтін екен киімім үстімдегі!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу