Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  82


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Менің халім

Қоштасып ем жаз дидарлы қызбенен,
Тұтқындалдым қара суық күзге мен.
Ғашық отын сөндірмеймін сонда да,
Еріп кетсін мұз жүрегім, мұз денем!
Жапырақпен бірге қурап бақ сәні,
Бұрқыратты мұң иісін сап-сары.
Жел де байғұс махаббатым сияқты –
Айтылмастан ғайып болған жақсы әні.
Түн баласы бебеулейді сал көңіл,
Мүсіркеулі Айды көрем алғоңыр.
Түрпіленіп тарғыл тағдыр озалдан,
Маңдайыма мөрлеген-ау зарлы өмір.
Ақыл-есім адасты ғой дүрмекпен,
Алыста жүр жарылқайтын гүл көктем.
Құдайым-ай, қыс түссе екен тезірек,
Күйбең-күйбең тірлік кешу бұл неткен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу