Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  88


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Қараша түні

Қара суық, қара жел, қара түнек...
Онсыз да көп тірліктің мезі етері.
Күйлі көктем, жырлы жаз қанатым ед,
Мамырлаған дәуренге не жетеді?
Қыс келерін білген соң құр егіліп,
Жапырақсыз ағаштай дірдектедім.
Үн шығарды кеудемнен жүрек ұлып,
Аш бөрінің исі бар бұл неткен үн!
Қарқылдаса қарғалар қарқылдасын,
Құстың көбі қайтты ғой тізбектеліп.
Жерде қалмас бәрібір алтын басым,
Неге езеді еңсемді күз кектеніп?
Қаңғып жүріп кезіктім адас мұңға,
Өз тағдырым белгілі, сірә, маған.
...Тәтті ұйқыға беріліп қар астында,
Бір ғажайып түс көрер мына ғалам!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу