Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  72


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Есіл

Күн батып, көгжиекпен нұр тұтасты,
Кешікпей Түн келеді зұлпы шашты.
Көңілді күрең-күрең ой торлады,
Көіме елестетіп Құлпытасты.
Тұмсадай көкіректе ұйып қайғы,
Тәп-тәтті тағатымды тұйықтайды.
(Тәңірсіп шошқа шеке Зәнталақтар,
Тылсымның қобызынан күй ұқпайды.)
Бағыңды байламайын, Сайын Дала-ай,
Бабадан қалғаныңды қайымдамай!
Білмеймін жол бола ма, сор бола ма,
Бұл кеште туар екен Айым қалай?
Өлеңнен шырақ жақса жанаты маң,
Өртенер Пәруаналар қанатынан.
(Өзімді тану үшін ең алдымен,
Өмірді уақытша ала тұрам.)
Жұлдыздар саммен бірге жамырасып,
Жүректен ән тербейді жаны ғашық.
Жаратқан Жалғызымның жарлығымен
Жатыр-ау мәңгілікпен Таң ұласып...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу