Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  100


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Жапырақ жайлы жазғы жыр

I
Жасыл нұрын төккенде Құдірет-Күн,
Сен көктемнің тілінде күбір еттің.
Бақыт болып ағашқа дари берсең,
Жұпарланған өмірден түңілед кім?
Бүгін, міне, жайнап тұр гүлсім өңің,
Кеше ғана кішкентай бүршік едің.
Өзіңменен жайқалдым жалқындана,
Білем, ертең сарғая күрсінемін.
Талай ғұмыр қиылды-ау мұң-құсадан,
Жазып жатыр қайғылы жырды санам...
Сонау көктен түнімен аққан жұлдыз
Таңғы шыққа айналып тұнды саған.
Тағдырыңның тынысын күз біледі,
Үзіп алар бұтақтан сызды лебі.
Қалқып жүріп ауада түс көрерсің,
Қурап бара жатқанда түздің елі.
Тапталарсың содан соң табандарда,
Жалған деген осы ғой, амал бар ма?
...Қу ағаштың басында қысты күтіп,
Отырады қарқылдап жаман қарға...
II
Қорықпа, жаным, жалғыз емессің,
Жүрек сияқты жалқысың бірақ...
Жұпар аңқытып таңғы жел ессін,
Әлемнің бақыт жартысын құрап!
Сен едің нағыз сырласым, әнім –
Нәзік сезіммен көктемге құмар.
Өтсе де бұл жаз – қырға шығамын,
Дала дидарын өпкенде мұнар.
Сағынышым ғой ерте күз деген,
Сап-сары мұңнан сарғайып қалам...
Қоштасып кеше ерке қызбенен,
Махаббат жайлы заңды айыптағам.
Баянсыз бәрі өмірде мынау,
Күн сайын өзек өртенбек қырық.
Көз жасың болып төгілмедім-ау,
Нұр жанарыңа мөлтеңдеп тұнып.
Гүлзардың сөнер бүгінгі елесі,
Қарсы алам ертең салқын ғаламды...
Тек қорқыныштан дірілдемеші,
Өлеңге бітіп жалқында мәңгі!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу