Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  94


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Түс жорыған

Ертеректе Иран деген халықты
Басқарыпты Һарун Рашид – даңқты.
Даналығын, батырлығын патшаның
Сегіз қиыр шартарабы таныпты.
...Ұйықтап жатып көрген екен түс-пері:
Түсіп қапты барлық маржан тістері.
Шошынғаннан атып тұрды төсектен,
О, Құдай-ай, қандай іс тұр түскелі?!..
Әрең таңды атырады әл құрып,
Тәбет тартпай отырады мәңгіріп.
Жақын жерден түс жорушы алдырып:
– Жасырмастан тек шындықты айт, – деді,
Көрген түстің мазмұнына қандырып.
– Уа, Әміршім, жетім болып қаласың,
Енді көрмей ағайынның қарасын! –
Деп көкіді түс жорушы сумаңдап, –
Ішқұсадан қазаңды да табасың...
Патша ашудың жалаңдатты қылышын:
- Сазайыңды тартасың сен бұл үшін.
Қайғы толы қаралы сөз баттиттың,
Бүйтіп түсті жорығаның құрысын.
Жүз дүрені соқтыртамын жоныңа,
Түк білмейтін көргенсіздің бірісің!
«Тесік моншақ» қара жерде қалмасын,
Ал айтайын оқиғаның жалғасын.
Әлгі түстің мазмұнына қанғасын,
Тағы да бір түс жорушы самғасын:
– Мен емеспін өтірікке бас ұрмақ,
Көңіліме орнатсаң да жасыл бақ.
Пәруардигар сенің өмір жасыңды
Барлық тума-туысыңнан асырмақ!..
Ақыл жолы – жалғыз ғана тәбәрік,
Қалды патша қалың ойға қамалып.
Әумесер боп тұрып қалмай айрықта,
Дұрыс бағыт – тура жолды табалық.
Жорулардың жер мен көктей арасы,
Бұл парыққа байланысты, шамасы.
Сөз-Құдірет дер кезінде жазбаса,
Қауіпті ғой Жан-Жүректің жарасы.
Үркітпестен бақыт атты құсыңды,
Салар болсаң – сөйлеуге сал күшіңді!
...Кейінгі түс жорушының қолына
Һарун Рашид жүз ділдасын ұсынды..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу