Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  104


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Табысу

Бөрі – Жүрек!
Рухсың сен өлмейтін,
Мәңгілікке жоғалмайды өр кейпің.
Ойым келте, ішім кеуек болғанша,
Ұнжырғамды басып қалсын көрдей түн.
Бірігейік, бөлінбейік біз енді,
Тәңіріге бүктім, міне, тіземді.
Болашаққа арғымақпен барайық,
Қолда – жүген, ал табанда – үзеңгі.
Кетпеспін-ау үміт жібін шорт үзіп,
Өзің барда бағыт – даңғыл, жол – түзік.
Маңдайымды қалың сордан тазартам,
Алда шығар мен көретін мол қызық.
Баяғыша қамалды бұз, топқа кір,
Ашуыңа тигендерге от қақыр!
Байрағыма, ұраныма айналсаң,
Басынуын қояр еді көп кәпір.
Көкке қарап ұзақ-ұзақ ұлышы,
Қанып алсын құлағымның құрышы.
Дала заңын тыға бермей қалаға,
Оқ тістесіп өмір сүру – дұрысы.
Бәдізделген балбалдармен тілдесіп,
Арманымдай тұнып жатыр гүлге шық.
Өтүкенді* жырға қосып бүгінде
Екеумізді тербетуде бір бесік!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу