Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  106


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Семсер сөз

Емешегім шорт үзілді шер қажап,
Менің үшін басталғандай енді азап.
Жаным түгіл, садаға ғой арым да,
Хақтан соңғы Құдайымсың сен, Қазақ!
Қорғанып бақ, қорлық емес – сақтығың,
Қырсығы мол тіршіліктің тап қыбын.
Айтарымды айтып болып тұрғанда,
Көмейімнен төгілсеші ақтық үн.
Көк Тәңірі шарапатын тілесек,
Ең құрғанда, түгенделер бір есеп.
Мыңжылдықтың бұғауында ысылған
Қайшылықты заманаға үлес ек.
Сүлей бабам жүріп өткен жол қайда?!
Жерімізді дүлеймендер қорғай ма?!
Балапанын сұр жыланға жегізген –
Ұқсадық-ау қорғаны жоқ торғайға.
Көк Сарайда бірікпей ме Көк Түрік?!
Керегі не Өр Алтайды шөктіріп?!
Ызаменен араласқан қайғымды
Ұққың келсе, Көк Бөріше өткір ұқ!
Күллі әлемге Қаған құсап тіл қатқын,
Сонда ғана шарықтаймыз шырқап тым.
Көк Тастағы дүррі жазу өшпесін:
Тағдырына баға жетпес ұрпақтың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу