Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  221


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Адалдық

Мойныма түспесін деп жаза-құрық,
Өткенді еске алуым-таза ғұрып.
Фәнидің таспа жолын Бақи жалғар,
Жаһанның жанарынан наз ағылып.
Көксеумен шах сарайын, хан сыңайын
Қызғалдақ-қиялымды жаншымайын.
Шуақ боп Күн жүзінен тамшылайын
Тазысы қоян алған аңшыдайын.
Тұрғандай мұң есінеп, шер кекіріп,
Шөлдеген Жүрегіңіз тербетіліп.
Тұлданып шыға келед милақы аспан,
Тілдесем Шолпан-Қызбен жерде тұрып.
Жырды да «құлпыртып» жүр Жасандылық,
Өзекті тілгілейді қасаң күдік.
Қалқайып құлақ шықты Ай бетіне,
Қампайып ұлып еді аш Әңгүдік.
Өшпесін еліміздің төл есімі,
Тамырға күйлетпейік өлесіні.
Көрер-ау мысық-төбет көресіні,
Тұншықса Асқазан мен Өңеш үні.
Құдайы Нұрдан туған Таң абаты
Төлеуде шын ақынға «қаламақы»...
...Бозаң қыр, боздақ жусан –
Ботасы өлген
Баяғы саулы інгенің Аманаты!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу