Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  100


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Мұқағалимен сырласу

Кеңсайдың сен жатырсың қорымында
Мазарың – басылмаған солығың ба?
Мені де бір жандатпа күтулі ғой,
Бағынып ажал дейтін зор ұғымға.
Заманға зыр-зыбылдар мойынсұнып,
Көріп жүр жыр жазбай-ақ тойымшылық.
Жастанып оқып едім томдарыңды,
Қайтейін бойым – суық, ойым – сұлық.
Кей-кейде күнін кешіп тірі өліктің,
Қанаты сынған құстай түнеріппін
... Қара өлең – Жаратқанның берген бағы,
Дей алман «оның сырын түгел ұқтым...»
Жеткенде құлағыма қиырдағы үн,
Қосармын домбыраны ап күй ырғағын.
Бар, білем, алтын көпір – жалғап тұрған
Арасын қырық бес пен жиырманың*.
Қырық Бес – сенің жасың заңғар сынды,
Жиырма – менің жасым аңғал сынды.
Шәр Ақтау Алматыдан «үлгі» алғандай,
Жасырып қойды бүгін таң-баршынды.
Ақын мен Поэзия жатырлас, ә? –
Сондықтан сыймайды екен ақылға аса.
... Барармын кәрі таулы Қарасазға,
Маңғыстау Ұран-От боп лапылдаса!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу