Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  94


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Дұға

Әр пенденің жүрек деген заты бар,
Зәһар-Нәпсі оны тас қып қатырар.
Жаббар Ием, мойындамай өзіңді,
Мен емеспін Махшар күні аһ ұрар!
Өтсем деймін Иман сақтап, Ар сақтап,
Керек емес жалған Ниет, жаңсақ Бақ...
Күләйлән мен Әзәзілге құл болған
Надандардан кеттің бүгін алшақтап.
Нұр төгілсін, көктен Нәубет жаумасын,
Зәузатымды Махаббатың баурасын!
Дүнияның Қызығына тоймаған
Мешкейлердің есіне сал Тәубасын!
Қарсы аламын Қадырдайын әр түнді,
Құрметтеймін Қызырдайын қартымды...
Адам-Ата, Хауа-Ананы азғырған
Ібілістен сақтағайсың Халқымды!
Сен – Шындықсың, Ақиқатсың, Анықсың,
Жол көрсетер түнектегі Жарықсың!
... Мәңгі-бақи Өзіңменен тілдесер
Ар ілімі – Әлемдегі Алып Шың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу