Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  103


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Махамбетке мадақ

Қайран батыр!
Еменнен жаралдың ба? –
Иілмедің сұлтан мен хан алдында.
Жарқылдаттың наргескен жырларыңды,
Тас жүрекке жебедей қадалдың да.
Жаралдың ба, әлде сен жарық таңнан,
Қалықтадың қалыспай Қалықпаннан.
Тарыққаннан қолыңа найзаны алып,
Ақиқатты бүкпедің зарыққаннан...
Исатайың бар еді жолбарыстай,
Көкірегін кергеген өр намысты-ай!
Құсалықпен өткіздің көп күніңді,
Шөлге қарай Ақ Сұңқар қолдан ұшты-ай!
Зар еңіреп артыңда Нарын қалды,
Қарғап жатыр Ақ Жайық залымдарды.
Домбырадан аққу боп ұшып шығып,
«Кішкентайға»* айналған зарың бар-ды.
Қараой анау кешегі дүбірлеген,
Аят оқып бұл күнде күбірлеген.
Ыңыластай найсаптар қутын қағып,
Жасырады қастығын бүгін менен.
Безбеніндей имани таразының,
Аттамадың ешкімнің ала жібін.
...Жас ұрпақтың жадына жазып кеттің:
«Ерлік деген – ездікпен араз ұғым!..»




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу