Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  91


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Болашаққа ақын кетіп барады...

Сол ақын
Хақ нұрынан жаратылған болатын.
Өлең оны сақтап қалды Ажалдан,
Адыра қал, табыт-төсек, мола-түн!
Тағдырына Аппақ арды қазық қып,
Жан Дүниесін жұпарлапты Нәзіктік.
Соры қалың маңдайынан аңқыған
Ерен-Ғайып құпиясын аз ұқтық.
Баспанасыз қаңғытқанмен паң қала,
Кезбелігін кешіреді маң дала...
Қыршын Арман ағып өтті аспаннан,
Құс Жолында бұрқырайды шаң ғана.
Қызықпады құр атаққа, ақшаға,
Бағынбады қыңыр заңға, патшаға.
Жазылған жоқ ол туралы естелік,
Айтылған жоқ ол туралы әпсана.
Түсінгенге Поэзия асыл тақ,
Асыл таққа қарамайық тасырқап.
...Орын берсең жүрегіңнің төрін бер,
Жас Ұрпақ!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу