Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  114


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Аңқыр ақын

Жұмақтың нұры сүйген маңдайы бар,
Сөйлесе: тілі – жұпар, таңдайы – бал...
Күнтекті Қас Сақ қана түсінетін
Құлпырып-құбылулы қандай Ұнар!
Жаңғыртқан жадымызды Көк баласы,
Ешкімнің бұл аянға жоқ таласы.
Киесі Таң Ыраның – Шаңырағым,
Сенбесең, Жазмышыма дөп қарашы.
Өсірден Пешенесі сара тұнған,
Өшірден Бес Енесі жаратылған...
Бабамның Кесенесі – Құбыла-дүр,
Даламның Ес Егесі – дара тұлғам!
Көз алдым кіл ғажайып сүгіреттей,
Таңғалып отырмын-ау қыбыр етпей.
Әйтеуір, дұғамды үнсіз оқи берем,
Бәріне жалғыз сыншы Құдірет қой.
Ғайыптан таймау үшін Бастағы Бақ,
Мәңгілік аңқылдайын асқағырақ!
Аңыз бен Ақиқатқа негіз болған
Самал Сөз – шөл қандырар таспа бұлақ.
Басында кеңес құрсақ Гүлтөбенің,
Мың жылдық көз жасымды сүртер едім .
Елімді Мүңкірліктен құтқаруға –
Білемін Ақ Сарбаздың бір келерін!..
Сәулесін кеш батқан соң Ай тараған,
Өлең боп Қош Көңілде жайқалады ән.
Тылсымға сиқырланып мұндай кезде,
Тірлікті түйсігіммен шайқап алам.
Ақындық – құпиялы Бақшылығым,
Салт атты Жақшылардай тақсыр ұғым!
Мөлдіреп қарай берем аспан жаққа,
Соңғы рет естісем деп Хақ сыбырын.
Аппақ Ар, таза Ниет, кәміл Иман –
Жүректен өсіп-өнген Тәңіри Дән.
Еңіреп зікір салған түндерімнің
Сөнбепті жұлдыздары әлі мидан.
Тәніме қара жерді құндақ қылып,
Ұшамын Періштедей жұмбақ күліп.
...Жап-жарық Басқа Әлемге өтіп кетем,
Жанымның күрсінісін тыңдап тұрып!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу