Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  110


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Бөрі-баба

Атыңнан айналайын, Сәруарым,
Кезеді дала төсін әруағың!
Татымай азу түгіл, тырнағыңа,
Соңында жүрміз күйкі шаруаның.
Көңілім көмілуде залал-мұңға,
Өтелмей парыз қалды ар алдында...
Арланнан тумысыңа кие дарып,
Ажалдың өзегінен жаралдың ба?
Бойласам Көне Түрік елесіне,
Түсесің ең алдымен сен есіме.
Бүгінгі дәстүріме жетпей жатыр
Шалдардың жөн сілтейтін кеңесі де.
Бұлт құсап ауа көшкен Дәурендерге
Тас балбал жыр арнайды әудем жерде.
Өзіңмен тілдесуге асығамын –
Санаға сағыныш боп сәуле енгенде.
Кеудеңнен шыққан үнің – сесті, кекті,
Қу жалған бірақ оны естімепті.
Кереңдік өз билігін құрғандықтан,
Ақсұңқар – Азаттығым кеш түлепті.
Жатырқап зәузатыңа қарай гөрме,
Біздің ел қамалыпты талай көрге.
Алғанда төрді иелеп көп бұралқы,
Түске енді бұйырмаған Сарай-Бөлме.
Қорымда амал таппай күрсінбеске,
Байғыздай сұңқылдаймын тылсым кеште.
Тыя алмай қанды жасты, босып кетіп,
Кезінде ұласқанбыз Қыршын Көшке.
Айырып Дін Исламнан кілең кәпір,
Тонады-ау топырағымды түрен «батыр».
Шайтанның кіндігінен ұшынғалы
Қонған ба түрткілегіш Түленге ақыл?
Суық Ай аят оқыр түн баласы,
Сонда да азаймай тұр Жын қарасы.
Адасқан пенде көрсең – мені көрдің,
Жаңғыртып жапан түзді «мұндалашы!»
Тұнықтан жүзіп іштім алғашқыда,
Кейіннен шын арбалдық Албастыға...
Нұсқайды ескі апанды қара соқпақ,
Сол соқпақ ақ даңғылға жалғасты ма?
Безінем әлі қанша қаладан сұр,
Шор салды көкірекке Алағаншыл.
Ұлиды көкті қалап дөң басынан
У толы жүрегімнен тараған сыр.
...Маңғыстау тірі қалған жұттан ұлы,
Озалдан қолдағасын Құт-Тәңірі.
Адайдың даңқы мәшһүр Алты Алашқа,
Себебі, Нұр еді ғой түп-тамыры.
Төнбесін төбемізден паң күліп түн,
Отпанға отын берсін Мәңгілік Күн!
Ұраны Бекет екен ерлерімнің,
Мен содан пайда болған жаңғырықпын.
Жанымды ұшырармын Періште ғып,
Оң іске неғылайын теріс келіп?
Зар сіңіп Қаратаудың әр тасына,
Заманның баратқаны-ай беріштеніп.
Алғидың ала шөлін таң шылаған,
Сүргіннен Самның құмы сансыраған...
Кептірмес кенеземді – тама қойса
Мөлт еткен көзіңдегі Тамшы-Ғалам.
Қайдақтың қасіретті соры басым,
Баяғы қырғындардан торығасың.
Қорғанар Бес Қарудың жоғын біліп,
Қазақтың ор қазуда жолына сұм.
Машақат таңсық емес ұлтқа, сірә,
Көкжалдар көбейгенше жұртты асыра.
Табалап Үш Жүз Алпыс Әулиемді,
Кім кепіл Әзәзілдің құртпасына?!
Ту тіктім орын сайлап май түбектен,
Дұшпаннан есе қайтпас тайқы кеппен.
Кешегі кәрі қырдың Шейіттері
Зікірін Алласына айтып өткен...
Қол жайды Бөлтірігің бата сұрап,
Өлмеспін көпек итше – жат асырап.
Артыңа тастап жортқан іздеріңнен
Бағзының құпиялы хаты ашылад.
Мың шүкір, дүбәрадан өрім ада,
Ұран-От – тектіліктің мөрі ғана.
...Отырмын рухыңа дұға бірлеп,
Бір сүйе қолтығымнан, Бөрі-Баба!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу