Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  122


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Атамінез

Шешілмей түймедейін түйін ғана,
Бүгінде батыр болу қиындады, ә?..
Ажалмен айқасып қап сексен бесте,
Шейіт боп сапар шеккен Сүйінғара*.
Тіліме келсең еді, Жыр-Кәлимам,
Қанатын қаққан кезде бір дариға ән.
Мігірсіз біздің майдан басталыпты –
Кеткен күн қыздан иба, ұлдан иман.
Дүние кезек-кезек дөңгеленер,
Заманды көрмей тұрмын жөнге келер.
Сисемде –Аютөсте жатыр ұйықтап
Дұшпанның қорлығына көнбеген ер.
Ақ сауыт, көк сүңгілер мұрадай ма,
Тағалап жауға мінер құла қайда?
Отпанның биігінде Тәңір өзі
Жағыпты Ұран-Отты бұл Адайға.
Алдында басымды иіп кереметтің,
Жаныма баба рухын желек еттім.
Ысқырып ел намысын оятатын
Мен деген әруақты құс – Дегелекпін!
Әйтеуір, Маңғыстаудың киесі бар,
Боздаған боздақ дала түйе шығар.
Санаңды сағынышты сазға бөлеп,
Өткеннің өнегесін жиі есіңе ал.
Дүбірлеп тыныш жатқан қыр тағы да,
Жалғадым жүрегімді нұр таңыма.
...Кешегі Сүйекемнің сыбағасы
Мәңгілік нәсіп болсын ұрпағына!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу