Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  93


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Мінәжат

Маң, маң далам, маң далам,
Мұнарланған паң далам –
Мың қыстаулы мына Маңғыстау
Маңдайына мөрленген
Маңғаздығынан танбаған...
Мұңым еді ғой мөп-мөлдір –
Манатаудың көзінен
Моншақтап кілең тамған ән.
Мақсатыма жете алмай
Қашанға дейін сандалам?
Мақамдап бір сөйлесем,
Әруақты Атамыздың Нұр-Зады
Мақшар Таңда самғаған.
Мықтылығын қош қылып,
Майданда жауын бостырып,
Мен, мен деумен, мен деумен
Молыққан екен Жан Бабам.
Мінулісін көсілтіп,
Мұқым да жұртын көшіртіп,
Мекен іздеп жүргенде
Мәңгілік бұл қонысты таңдаған!..
Кеше Ақкетіктің қара қамалын
Мінкен ерлерім шапқанда –
Қанжығасын қандаған.
Мырза Құдайдың қолдауы,
Пір Бекеттің қорғауы –
Мерт таппай қалың Адай қалды аман.
Мазақ болып дұшпанға,
Молалар запыран құсқанда –
Үш жүз алпыс әулием
Мархаммен өзек жалғаған.
Майлы қиян адыра қалса да
Берген елміз Арға мән!..
Бүгін Ақкетіктің аппақ қаласын
Мерекелеп жатқанда –
Мүләйімсіп неге шамданам?
Мұнартқан сонау Арманға,
Мінезі бөлек Арланға
Жүрегімнің шөлі қанбаған.
Машайықтың діні – дүр,
Марғасқаның ділі – дүр,
Медет тілеп қайтайық та Қаңғадан*...
...Тәңірі етті!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу