Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  101


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Туған топыраққа тағзым

Айналайын Маңғыстау,
Алтын зерлі тұмарымсың алға асқан!
Айта берем атыңды
Қызыл тілім талмастан.
Кәлимамды қайырам
Тұғырыңды шалмастан.
Жаралғалы Қара Жер,
Жаралғалы Шарбы Аспан –
Тәңіріден басқасы
Бір-бірімен парласқан.
Адай – сенің сыңарың,
Пәрмен солай алғаштан!
Жырауларым жеткізген
Өзің жайлы өлең, толғау, сал дастан:
Ұрпақтармен жалғасқан,
Ғасырлармен алмасқан,
Харамдармен арбасқан...
Жазмыш жазған Тарих атты кітаптың
Мұқабасын шаң басқан,
Парақтарын қан басқан,
Әріптерін зар басқан...
Айтып-айтпай немене,
Дәстүрімен заңдасқан,
Дұшпанымен жандасқан
Ерлер өтті саумалыңа қанбастан!
Аршыландай Манатам,
Жолбарыстай Күйкенім,
Қабыландай Сарғасқам –
Қынабында жетпіс жыл
Тұрып қалған Алдаспан.
Қилы заман төнгенде
Қаратаудан мән қашқан,
Шерғаладан сән қашқан,
Айрақтыдан ән қашқан...
Сосын Сегіз Арысым
Кеткен еді ат ізін де салмастан.
...Шүкірана, егеменді ел болдық
Ұлы Көштен қалмастан.
Қайқыларым тұрғанда
Айтылмайды Албасты Ән.
Тіл таңбалы ту тіксем,
От Ордасы – Отпаным
Озып түсер Парнастан!
Шежірелі Шалдарым –
Әбестікке бармастан
Кең құшағын Арға ашқан,
Жағасына жармасқан
Ит Нәпсіні дарға асқан...
Бәрін айт та бірін айт,
Қайра-а-н маңғаз Марғасқам!
Саған сәлем ап келдім
Шетелдегі қандастан.
Сол сәлемді қабыл ал
Мәңгілікке үмітіңнен танбастан!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу