Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  107


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Тарихи толғаныс

Баһадүр құсым – Дегелек!
Ұрпақ үшін Отпанға
Басып кетем оқ-таңба.
Қасиетің шын болса,
Келтір мені тоқтамға.
Маңғыстаудан айрылдым –
Қара дауыл соққанда.
Ұран-Отым өшкесін
Адыра қалдым шоқтан да.
Шаң құштырған – замана,
Қан құстырған – замана...
Әділдікті қақ жарып,
Заң қышқырған жаман, ә?
Қанаты қатты Дегелек!
Ел қорыған ер едім,
Дұшпаныма кер едім.
Амалсыздан Ауғанға
Желмаядай желемін.
Жетім жұртқа ие боп,
Қалып барад дерегім...
Алшаң басып аяқты,
Кеудемді қашан керемін?!
Бекет еді – ұраны,
Есет еді – тұланым...
Кәпірлердің жұтынан
Тарқап бітті құралым.
Ысқырып ұшқан Дегелек!
Келем әлі бұл маңға,
Сен бекерге мұңданба.
Азат етем жерімді –
Әруағым тұрғанда.
Ата-баба жолында
Айналармын құрбанға...
«Жылан Пірі» атанған
Сенің де тегің Нұрдан ба?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу