29.05.2022
  106


Автор: Ескен Елубаев

ƏСКЕР БОЛЫП АТЫСТЫҚ

Ауылдағы баланың
Түгелдейi қатысып,
«Соғыс ойынын» ойнадық,
Əскер болып атысып.
Бiр-бiр «мылтық» əркiмде,
Бар «пулемет, гранат».
Атып жатыр бəрi де
Жата қап та,
Тұра қап.
Шегiнбей-ақ жатырмыз,
Алға ұмтылып
Өңмеңдеп.
Бəрiмiз де батырмыз,
Жеңiлген жоқ,
Жеңген жоқ.
– Шақырып жүр соғысты,
Мынау кiлең қыршындар.
Бастапты ойда жоқ iстi,
Қуыңдар да
Ұрсыңдар! –
Деп қария таяқты,
Қуды, қатты айқайы,
Ойын қалды аяқсыз,
Шатақпенен тарқады.
Быт-шыт болып бəрiмiз,
Зытып қашып келемiз,
Үй-iшiнен əлi бiз
Көресiнi көремiз.
«Үлкен адам ұрысты,
Ойыны құрсын», – дедiк бiз.
Үй iшiнен дұрыстап,
Жəне таяқ жедiк бiз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу