Өлеңдер ✍️

  28.05.2022
  75


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Қоңыр күз қасидасы

Тәтті ойымды отырмын шерге малып,
Жапырақтар шулайды желмен ағып...
Қоңыр күздің сезінбес сырын ешкім,
Ол жазғанның мені іздеп келгені анық.
Бірінші рет көргендей бұл қаланы,
Қара албасты секілді түн қамады.
Жалғыздықтан жыласа қоңыр күзім,
Мендік көңіл мезгілсіз мұңданады...
Төсінде өстім қой бағып кер даланың,
Бала кезден дүниеге кең қарадым...
Қоңыр күздің түсінбес жанын ешкім,
Ол жазғанның сүйгені мен ғанамын.
Тәкаппар түн түнеріп түкті ұқпайды,
Қараңғылық ішінде жұттық қайғы.
Таң атқан соң күлімдеп қоңыр күзім,
Мені туған күніммен құттықтайды...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу