Өлеңдер ✍️

  28.05.2022
  95


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Кемсең

Ес – дұрыс, сана – сергек, ақыл – бүтін,
Жалғанда шын түсінер ақынды кім?
Айықпан Айдың алтын сәулесінен,
Ғайыптан тап болардай ақырғы түн.
Бұл соңғы өлең шығар хақ дұғалы,
Нәлет-ай, бар ма өмірдің нақты мәні?
Әлқисса, мен кеткен соң біреу келер,
Оны да күресінге лақтырады...
Түн қонса қара бауыр қасқалдақ боп,
Миымда мазасыз ой басталмақ көп.
Сарабдал сырларым бар айтылмаған,
Сөзімді жеткізермін астарлап тек...
Салауат айтқан ғұрлы өткен күнге,
Не деймін көз моншағын төккен гүлге?
Келмейді десем бе екен күз ешқашан,
Кетпейді десем бе екен көктем мүлде?
Жүгі ауыр жауабы жоқ сұрақтың кіл,
Жолы ауыр сауабы көп жұмақтың-дүр.
Жылт етті жанарымнан жалғыз үміт,
Молада жанғанындай шырақтың бұл.
Аларсың құшағыңа, пірлі мекен,
Қайтсем де жүрегімнен жыр дүретем.
...Аспанға қарап едім бір күрсініп,
Жұлдыздар арасынан күлді көкем.
Көкемді сағындым-ау...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу